Ақтөбеліктер Азия чемпионы Нұрислам Санаевты салтанатты түрде қарсы алды

27 ақпан — 4 наурыз күндері аралығында Бішкек қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 2018 жылғы Азия чемпионаты өтті. Чемпионатқа Ақтөбе облысынан 3 спортшы қатысып 2 алтын, 1 қола медальдарын жеңіп келді.

Нұрислам Санаев облыс тарихында алғаш рет 61 келі салмақта еркін күрестен Азия чемпионатының алтынын қоржынына байлады. Соңғы рет облыста Азия чемпионы болып 2004 жылы бокстан Галиб Джафаров атанған болатын, арада 14 жылдан соң Нұрислам сол жеңісті қайталады.

Нұрислам алғашқы кездесуін Моңғолия елінің спортшысымен өткізіп, 9:0 есебімен, Қырғызстан спортшысын 7:4 есебімен, Иран спортшысын 5:4 есебімен және ақтық сында Жапония елінің спортшысын 6:2 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Осы жеңісінің нәтижесінде Нұрислам 2018 жылы 18 тамыз — 2 қыркүйек аралығында Джакартада (Индонезия) өтетін XVIII Жазғы Азия ойындарына жолдама алды.

Облыстық спорт басқармасынан хабарлағандай, Мейрамбек Айнағұлов 63 келі салмақта грек-рим күресінен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Бұл жолы палуанымыз жарыстың жеребесіне сай алғашқы кездесуін бос жіберіп, ширек финалында 19 секунд ішінде ирандық спортшыны таза техникалық жеңіспен жеңді. Финалға шығу тұсында 13:8 есебімен Өзбекстан өкіліне есе жіберді.
Қола жүлде үшін Үндістан спортшысымен белдесуге шығып 9:0 есебімен жеңісті қолынан бермеді.

Мейрамбекті алдағы уақытта, 10-12 сәуірде Иранда өтетін командалық Әлем Кубогі, бірқатар халықаралық жарыстар және сәуір айының аяғында Алматы қаласында өтетін Қазақстан чемпионаты күтіп тұр. Сонымен қатар, айта кетсек, Мейрамбек 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) стипендиаты атанды.

Өз кезегінде, Айжан Исмағұлова 58 келі салмақта грэпплингтен Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Жеңіс жолына жету кезінде Айжан алғашқы белдесуін Үндістан қызымен өткізіп, 12:0 есебімен жеңіп шықты. Келесі белдесу қырғыз қызымен болды. Алайда, қырғыз қызының ауыр жарақатына байланысты төрешілер жеңісті Айжанның пайдасына шешті. Ал, финалда алматылық қазақ қызбен белдесу өткізіп, 5:2 есебімен таза жеңіс көрсетті.

Пікір қалдырыңыз