Ақтөбе облысында музыкалық білімі бар аудан басшысы мереке қарсаңында өзінің талантын көпшілік алдында алғаш рет паш етті

Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева әйелдер мерекесі қарсаңында өнерін паш етті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Бүгін Бердібек Сапарбаев өңірдегі белсенді, іскер, үздік әйелдерді құттықтады. Жиынға қатысқан арулар әр салада қызмет атқарады. Солардың бірі — өңірде ауданды басқарып отырған жалғыз әйел Бұлбұл Күзембаева тек қана басқару емес, сондай-ақ, ән айта алатындығын дәлелдеп берді.

Ол Бердібек Сапарбаевтың алдында «Анаға сәлем» атты әнін орындады. Айтуынша, бұл шарада оған ән айтуды аяқ астынан тапсырды.

«Ән айтуға мені ешкім таңдаған жоқ. Бәрі аяқ астынан бола қалды. Жаңа Бұлбұл Ораққызы (облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы – ред.) «Сіз бастап беріңізші» деп айтқан. Қазақтың әндерін онсыз да жатқа білеміз ғой», — деді Бұлбұл Күзембаева.

Белгілі болғандай, ән шырқаған аудан әкімі өнерлі отбасыдан шыққан. «Күзембаевтар» атты сазды әуен ансамблі халықтық атаққа ие болған. Ал, Бұлбұл Күзембаеваның алғашқы білімі — хор дирижері.

«Аудан әкімі болу ер адамға да, әйелге де қиын. Себебі, мұнда үлкен жауапкершілік бар. Халыққа қызмет ету, халықтың алдында жауапты болу — ер адамға да, әйелге де ауыр жүк. Отбасымның қолдауы болмағанда аудан әкімі болып жұмыс істеуім екіталай. Отбасым түсіністік танытып, үлкен қолдау көрсетеді. Сондықтан жұмысымды істеуге үлгеріп жатырмын. Отбасыма да көңіл бөлуге уақыт табамын», — деді Бұлбұл Күзембаева.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз