Қыз-келіншектердің мерекесі қарсаңында Ақтөбеде екі дәрігер баспаналы болды

Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев медцина саласында жұмыс істеп жүрген қыз-келіншектерді мерекемен құттықтады. Ұзақ жыл бойы еңбек етіп жүрген нәзік жандылар алғыс хат алып, бірқатар мамандар пәтерлі болды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев медицина саласының қызметкерлерін құттықтады. Өңірде медицина саласында 10 мыңнан астам адам жұмыс істесе, оның 80 пайызы нәзік жанды. Дәрігерлер мен медбикелер, сирек кездесетін сала мамандарын мерекемен құттықтаған өңір басшысы ұлттың денсаулығына жауапты мамандардың жауапкершілігін атап өтті.

«Дүниедегі тыныштық, ынтымақ, бірлік, береке анаға байланысты. Оның ішінде дәрігерлердің орны бөлек. Дүниеге келген сәбиді алғаш қолға ұстайтын дәрігер, ана. Дәрігер адамға денсаулық, ұзақ өмір сыйлап жатыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның болашағы денсаулығы мықты, білімді, мәдениетті, тәрбиелі азаматтарға байланысты деп айтады. Ақтөбе дәрігерлеріне жұртшылық риза. Кейінгі кезде күрделі ота жасалып жатыр. Уақытпен санаспай шақырған жерге барып, ем көрсетесіздер. Өз алғысымды білдіремін», — деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Кейін Денсаулық саябағын салып, оны көгалдандырған ақ халаттылардың еңбегін атап өтіп, үлгі етті.

Екі дәрігер баспаналы болды. Пәтер кілтін алған Меруерт Қаббасова Ақтөбе медициналық орталығында реаниматолог болып жұмыс істейді. Сонымен қатар, осы орталықтағы кардио-реаниматолог Айна Науқанқызы да пәтер алды.

«Менің қызым Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық мемлекеттік университетінің стоматология факультетіне түсті. Жалғыз қызым болған соң Ақтөбеге көшуді ұйғардым. Әрі мені Ақтөбе медциналық орталығы жұмысқа шақырды. Өзім Павлодар облысынан қоныс аударып, бір жылдан бері Ақтөбеде еңбек етіп жүрмін. Бұл жақтың медицинасы жақсы дамыған соң отбасымызбен бір шешім қабылдадық», — деді дәрігер Меруерт Қаббасова.

Сонымен қатар, Ақтөбе облысының аудан, ауылында ұзақ жыл бойы еңбек етіп жүрген дәрігерлерге алғыс хат пен сауықтыру орындарына жолдама берді. Олардың арасында жалпы тәжірибелік дәрігерлер, фельдшерлер, лаборатория меңгерушісі бар.

Пікір қалдырыңыз