Ақтөбенің білім саласындағы ер азаматтар нәзік жанды әріптестеріне хормен ән айтып берді


Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ақтөбелік педагогтардың Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Ұстаздарға алғыс хат пен сыйақы берді. Ал директорлар әріптестеріне ән шырқап берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Педагогика саласында еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды бүгін Шығармашылық академиясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады. «Әйел — әлемнің анасы» атты мерекеге ардагер ұстаздар, жас мамандар да шақырылды.

«Қандай да бір қиын кездерге қарамастан Елбасы білім саласына үлкен көңіл бөледі. Жалақы көтеріліп, білім саласының материалдық-техникалық базасы нығайып келе жатыр. Кейінгі кезде халықты толғандырып жүрген әлеуметтік бес мәселеге байланысты бастама жасап, Үкіметке, атқарушы билікке тапсырма берді. Бәрі халық жағдайы мен еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін жасалып жатқан жағдай. Соның ішінде педагогтардың да үлесі бар. Ақтөбенің дамуы білімді, тәрбиелі, денсаулығы мықты азаматтарға байланысты. Негізінен үлес қосатын педагогтар деп білеміз», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы кез келген шараға қатысып, қоғамдық өмірде белсенді болып жүрген ұстаздарға алғысын білдірді. Салтанатты шарада көпбалалы ұстаздарға 100 мың теңге көлемінде сертификат табыс етті. Кейін мереке концертке ұласты. Ақтөбе гуманитарлық колледжінің «Аaktobe.kz» квартеті, «Искорки» үлгілі би ансамблі, Қазанғап атындағы өнер мектебінің тәрбиеленушілері, «Еңлік» би ансамблі, Ақтөбе музыкалық колледжінің скрипкашылар тобы мен «Серпін» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

«Анаға сәлем» әнін хорда орындау үшін 2-3 күн дайындық жүргіздік. Ол жерде мектеп, колледж директоры бар. Барлығы 40-тан астам басшы дайындық жүргізіп, әріптестерімізге жақсы сый жасадық деп ойлаймыз. Өзіміз де жақсы әсер алдық», — деді Белогор орта мектебінің директоры Юрий Құрманов.

Пікір қалдырыңыз