Ақтөбеліктер Елбасының әлеуметтік бастамасына қолдау білдірді

Ақтөбеде облыс активі өтті. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларын орындау үшін жоспар құрып, жұмысқа кірісуді тапсырды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың тұрмысын көтеріп, баспанаға ие болу, жұмысқа орналасу, білім алуға арналған бастамаларды көтерді. Үндеуді талқылау үшін облыс активі түгел жиналды.

«Мемлекет басшысының негізгі саясаты – халықтың тұрмысын, жағдайын, ахуалын жақсарту. Қайдай да бір қиындықтар, дағдарыстар болса да Қазақстан өзінің негізгі бағытынан тайған жоқ. Көптеген дамыған мемлекетте ондаған кәсіпорын жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалып, жалақы, зейнетақы азайған кезде Қазақстанда жалақы, зейнетақы өсті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, қазір елімізде төртінші өнеркәсіптік революциясы басталды. «Рухани жаңғыру», «100 нақты қадам» бағдарламалары іске асырылып жатыр. Соның бәрі Қазақстан халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған», — деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуінде халықты баспанамен қамтудың жаңа жобасы таныстырылды. 7-20-25 жобасы пәтер жалдап жүрген адамдар үшін қолжетімді болмақ. Қазір өңірде 32 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Оның 22 мыңға жуығы Ақтөбе қаласында кезек күтуде.

«Әрбір адам үшін баспана басты қажеттілік болып саналады. Нұрсұлтан Әбішұлы соны ескере келе халықты баспанамен қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндігін атады. Ақтөбе облысында 32 мың адам кезекте тұр. Оның 22 мыңға жуығы Ақтөбе қаласында. Өткен жылы Кеңес Одағында болмаған 793 мыңшаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл кем дегенде 850мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Яғни, 22 мың ақтөбелікті пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Елбасы тапсырмасына сай қосымша міндеттер аламыз. Баспана салуды көбейту керек», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Екінші бастамада халықты жұмыспен қамту, жалақысы аз адамдардан 1 пайыз салық төлемін ұстау туралы айтылған.

«Жалақысы аз адамдардың салығы азаяды. Келер жылдан бастап жалақысы 60 мың теңгеге жетпейтін адамдар 1 пайыз салық төлейтін болады. Ол үлкен жеңілдік. Біз өңірді қарап көрдік. Ақтөбе облысы бойынша 100 мыңға жуық адам жеңілдік алады. Ауылдан, елдімекеннен бастау керек. Әрбір ақтөбеліктің табысын қарау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мен әділет департаментіне жүктеледі», -деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Пікір қалдырыңыз