Словакияда журналист өлімі үкіметті дағдарысқа тіреді

Словакия президенті Андрей Киска журналист Ян Куциактың өліміне байланысты үкімет құрамын өзгертуді не мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуді талап етті. Ол бұл мәлімдемесін теледидар арқылы жасады, деп хабарлайды Азаттық.

Президент Словакия үкіметін «тәкаппар» деп айыптады. Ол биліктің халыққа сенімін қалпына келтіру үшін үкіметтің қандай саяси шешімдер қабылдайтынын бір апта «әдейі күткенін», бірақ ешқандай ұсыныстар естімегенін айтты. «Кейбірі отставкаға кетті, бірақ мен халықтың билікке сенімін қайта туғызатын ешқандай жоспар көріп тұрған жоқпын», — деді президент.

Словакияның Aktuality.sk басылымының журналисі 27 жастағы Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнированы Братиславадан шығысқа қарай 65 шақырым жердегі үйлерінде ақпанның 25-і күні белгісіз біреулер атып өлтірген.

Өзінің соңғы мақаласында Куциак элиталық тұрғын үй құрылысы саласындағы салықтан жалтарудың айла-шарғысы туралы жазған. Журналистің қазасынан кейін Еурокомиссия Куциак жазған қаржы операцияларына тексеру жүргізуге қозғау салатынын айтқан.

Словакия мәдениет министрі Марек Мадьярич «журналистің қазасынан кейін бұл қызметті атқара алмайтынын» айтып отставкаға кетті. Словакияда бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі мәдениет министрлігінің қарауына берілген.

Наурыздың 2-і күні Словакияның бірнеше қаласында Ян Куциак пен Мартина Кушнированы еске алған жұрт жаппай акцияларға шықты. Братиславада сөз бостандығын қорғау шеруіне 20 мыңнан аса адам қатысқан.

Фото: Андрей Киска, Словакия президенті.

Пікір қалдырыңыз