Сапарбаев Ақтөбедегі апаттық жағдайдағы үйлерді аралады


Ақтөбеде апаттық жағдайда тұрған тұрғын үйлердің саны 200-ден асқан. Облыс әкімі демалыс күні қаладағы ескі үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті. Әкімдіктің бастамасымен апаттық үйлерді ретке келтіру жұмыстары басталып кеткен.

«Үйіміздің қабырғалары құлап тұрған еді. Әкімдіктен адамдар келіп, «Керемет үй» жобасын ұсынды. Бізге ұнады. Себебі үйіміз құлап тұрған болатын, алғысымыз шексіз», — дейді қала тұрғыны Эльдар Түгелбаев.

Үш балалы әке апаттық үйден көшіріліп, қаржылай өтемақыны да алған.

«Бұл мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған жоба. Апаттық үйлерді ретке келтіру тапсырылды. Бүгінгі күні Есет батыр көшесіндегі 105 «а» үй таңдалды. Тұрғындардың барлығымен келісім жүргізілді. Барлығына өтемақы төленген», — дейді «Керемет үй» тұрғын үйінің ПИК өкілі Анар Кенжеғали.

Апаттық жағдайда деп танылған бұл үйде 8 адам тұрады. Мамандардың айтуынша, ескі үйдің орнына 9 қабатты 54 пәтерлі жаңа үй тұрғызылатын болады.

«Бізде 200-дей осындай үй бар. Үйлердің көпшілігі жеке, ал тұрғындар өз бетімен қайта жаңарта алмайды. Сондықтан біз кәсіпкерлерге өтініш айтып, апаттық үйлерді ретке келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл Президенттің берген тапсырмасы. Осындай үйлерді кәсіпкерлермен келісіп бұзып, орнына жаңасын салыңдар деген болатын. Қазір ескі үйлердің жағдайы не болып жатқанын білеміз, алдын алуымыз керек», -деді облыс әкімі аула тұрғындарымен кездесуінде.

Жаңа үйдің құрылысын аяқтау жұмыстары бір жылға жоспарланған.

Пікір қалдырыңыз