Ақтөбеге сапары аясында Машкевич «Қазхром» трансұлттық компаниясының жаңа президентін таныстырды

Ақтөбеге келіп, еңбек ұжымымен кездескен Александр Машкевич «Қазхром» трансұлттық компаниясының жаңа президентін таныстырды. Жұмысын қарапайым балқытушыдан бастап, президентке дейін көтерілген Арман Есенжолов №4 цехты толық қуаттылыққа көшіруі керек.

Еңбек ұжымымен кездесіп, бірге жұмыс істеуге шақырған Еуразиялық топ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич жаңа президентті таныстырды. Ол бұрын балқытушы болып жұмыс істеп, басшылық қызметке көтерілген – Арман Есенжолов. Ал 14 жыл бойы компания президенті болған Виктор Тиль енді Дөң кен байыту комбинатын басқарады.

«Қазхром»ТҰК» АҚ көп іс атқарды. Бірақ бір орында тұруға болмайды. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау үшін өндірісті цифрландырып, жаңғырту жұмыстарын жүргізу керек. Өндірісті цифрландырмасақ, біз бәсекеге төтеп бара алмаймыз. Виктор Тильге рақмет айтамын. Ол компанияда 21 жыл жұмыс істеді, ал «Қазхром»ТҰК» АҚ-ын 14 жыл бойы басқарды. Енді президенттік қызметке Арман Есенжолов тағайындалады. Ол жұмысын балқытушыдан бастады. Ал Виктор Тиль Дөң кен байыту комбинатының директоры болады», — деді Александр Машкевич.

Әлем бойынша хромға сұраныс жоғары, өткен жылы металл бағасы өсті. Бұл зауытқа жаңа міндеттер жүктейді.

«Өнімге сұраныс жоғары, біздің өнімнің сапасы мықты. Сондықтан өнім өндіру көлемін арттыру қажет. Алға қарай ұмтыламыз. №4 цех толық қуаттылықта жұмыс істеуі керек. Дөң кен байыту коминатынан өндірілетін кен көлемін арттыру тапсырылады. Ойланыңыздар, ақылдасыңыздар. Бастысы — жаңа деңгейге көтерілу», — деді А.Машкевич.

Пікір қалдырыңыз