«Бақытты бала»: Қазақ камералық хоры Ақтөбенің мектептерінде тегін концерт беріп жатыр

Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның Қазақ камералық хоры «Бақытты бала» жылы аясында барлық мектепте тегін концерт береді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Биыл «Бақытты бала» жылы аясында мыңдаған іс-шара өтеді. Әр аудан, ауыл, мекеме ішінде балаға арналған шаралар ұйымдастырылып, тың жобалар іске асырылады. Қазақ камералық хоры да өз жұмысын бастап кетті. Олар Алға балалар үйінің сахнасында тегін концерт беріп, енді Ақтөбе қаласындағы мектептерде өнер көрсетеді.

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Бақытты бала» жобасы аясында қала мектептерінде тегін концерт беріледі. Репертуарымызда қазақ әндері, әлем классикалары да бар. Оқушылардың хор музыкасына қызығушылығы артады деген сенім бар. Әрі бұл сенім ақталып жатыр. Оқушылар мен ата-аналар бірге отырып тамашалап, жанды дауыста айтылған әнге алғысын білдіріп жатыр. Бар болғаны 30-40 минут уақытқа белгілейміз», — деді дирижер Мербол Куспанов.

Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның Қазақ камералық хорына білім басқармасы да көмек көрсетеді. Мектептермен келісімге келу кезінде туындаған қиындықтар дер кезінде шешімін тауып жатыр.

«Біз балалар үйінен соң №51, 60 мектептерге бардық. Халық өз ықыласын білдіріп, концерттен соң алғыс айтып жатыр. Тіпті, кейбірі «тірілей айтады екен» деп таңданысын білдірді. Біз осылайша «Бақытты бала» жобасына өз үлесімізді қосамыз», — деді Мербол Куспанов.

Пікір қалдырыңыз