52 Өзбекстан азаматының өлімінен кейін Ақтөбе облысында автобустар жиі тексерілетін болды

52 Өзбекстан азаматының өлімінен кейін Ақтөбе облысында автобустар жиі тексерілетін болды

Ақтөбеде автобус жүргізушілерін тексергенде 700-ден астам құқықбұзушылық анықталды. «Автобус» науқаны барысында ішімдік ішкен және есірткі қабылдаған жүргізушілер тәртіп сақшыларының назарына ілікті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Көліктік бақылау инспекциясы, прокуратура және жергілікті полиция қызметкерлері халықаралық және республикаішілік қатынаста жолаушы тасымалдайтын 50 автобусты тексерген.

«Жолаушы мен жүк тасымалдауда 28 құқықбұзушылық анықталды. Жалпы 900 мың теңгеге жуық көлемде айыппұл салынды», — деді Ақтөбе облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Сергей Карашиев.

Жол қозғалысын қадағалайтын полицей Айдос Құлжановтың сөзінше, қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобус жүргізушілері көбінесе телефонға үңіліп, жол ережесін бұзады. Ал халықаралық қатынаста жолаушы тасымалдайтын жүргізушілер төлқұжатсыз жұмыс істей береді.

«Қобда ауданындағы жолдың 630-шы шақырымында «Мерседес» маркалы автокөлік тоқтатылды. Рөлде бір-бірімен алмасып отырған үш жүргізушінің құжаттары тексерілді. Біреуінің құжаты жоқ екені анықталды», — деді Ақтөбе облыстық ІІД ЖПҚ-нің жол қозғалысын ұйымдастыру және қадағалау бөлімінің бастығы Айдос Құлжанов.

Қала ішінде жолаушы тасымалдайтын «Автопарк» қызметкерлерінің құқық бұзғандары туралы айтылды. №20 және №26 бағыттағы автобус жүргізушілері есірткі қабылдап, көлік айдаған.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз