Төтенше жағдайлар қызметі: Ақтөбе облысында су тасқыны қаупі жоқ емес

Төтенше жағдайлар қызметі: Ақтөбе облысында су тасқыны қаупі жоқ емес

Былтыр судың астында қалған саяжай тұрғындары биыл да әбігерге түсуі мүмкін, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Қайрат Қасымның айтуынша, өңірде су тасқыны қаупі бар 43 елдімекенде 12,5 мың адам тұрады. Былтырға қарағанда жауған қардың көлемі 2 есе аз.

«Бірақ жердің сыртқы қабаты қатып қалған. Жер суды өзіне сіңіре алмайды. Яғни еріген қардың суы бәрібір елдімекендерге барады. Бұл жерде жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғау органдарының бөлімшелері аққан суды ешкімге қауіп төндірмей елдімекендер арқылы өткізіп жіберулері керек», — деді облыстың «бас құтқарушысы».

Жыл сайын Ақтөбе облысының Қарғалы, Алға, Хромтау, Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында су тасқыны болып жатады. Сондай-ақ, әдетте өзен жағасына тым жақын орналасқан Ақтөбедегі саяжайлар да суға батады.

Қайрат Қасым қаладағы саяжайларды теміржолға теңеді. Оның сөзінше, саяжай елдімекендерінің аумағы — өзендер ағатын жолдар. Ол жерде үй салып тұру өте қауіпті.

«Өкінішке қарай, былтырғы жағдайдан сабақ алмадық. Саяжай елдімекендерінде әлі де биік қақпалар орнатылып жатыр. Қауіпке қарамастан үйлер салынған. Бұл өзен ағатын аумақ. Теміржолдың үстіне үй салып қойып, оны пойыз басып кетсе, несіне таңғаламыз? Мұнда да солай. Тұрғын үй статусы жоқ үйлерді су басып жатса, ешқандай өтемақы берілмейді», — деп кесіп айтты Қайрат Қасым.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз