Ақтөбелік жастар ұсынған стартап жобалар арасында суды тазарту әдісі бар

Ақтөбеде «Менің арманым» атты республикалық реалити-шоудың алғашқы кезеңі басталды. Ақтөбеліктер 200-ден астам жоба ұсынды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Еліміз бойынша «Менің арманым» реалити-шоуына іріктеу басталды. 16-35 жас аралығындағы ақтөбеліктер meninarmanym.kz, bolashak.kz, arsu.kz сайттары арқылы ресми тіркеліп, өз өтініштерін қалдыра алады. Наурыз айының 9-11 күндері аралығында іріктеу өтіп, үздіктер Астана қаласында өтетін жартылай финалға жолдама алады. Шоу еліміздегі телеарналардың бірінде көрсетіліп, жеңімпаздарға 500 мың, 1 және 1,5 миллион теңге көлемінде грант беріледі. Бұл жастардың кәсіппен айналысуына, жаңа жобалардың өмірге келуіне септігін тигізетін жоба болмақ. Ақтөбеліктер өз жобасын қорғау үшін 222 өтініш жазды.

«Жылыжай салу, сүт және сүт өнімдерін игеру, балаларға білім беру әдістері, оқулықтар дайындау, қолөнер бұйымдарын жасау жобалары бар. Сонымен қатар, экологиялық жобалар назардан тыс қалмай отыр. Оның ішінде суды тазарту жобасы ұсынылды. Бәрі шағын және орта бизнеске бағытталған. Дүкен, сән салонын ашуды қалайтын жастар да бар. Қазіргі кезде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері басым. Тіпті оқушылардың қатысуына мүмкіндік жасалған», — деді Қ.Жұбанов атындағы университеттің инновация және кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры Әсел Шетиева.

Стартап жобаларды іске асыруға арналған байқауға Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы да қатысады. Егер қызықты әрі ұтымды жобалар болса, авторларына «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы берілетін грантты иелену жолы айтылады. Биыл бұл мақсатқа 40 миллион теңге бөлініп отыр. Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанованың айтуынша, 13-15 жобаны іске асыруға мүмкіндік бар.

«Болашақ кәсіпкерлер конкурстарға қатысып, тәжірибе жинауы керек. Тәжірибе жинаған жас автор бірінен сүрінсе, екіншісінде топ жаруы мүмкін. Сондықтан неғұрлым көп жас қатысса, алдағы уақытта кәсіптің дамуына кепілдік береді», — деді Анар Даржанова.

Пікір қалдырыңыз