Оралда ақын Бауыржан Халиолланың жаңа кітабы таныстырылды

Оралда ақын Бауыржан Халиолланың жаңа кітабы таныстырылды

Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Халиолланың «Жан тебіреніс» атты жаңа кітабының таныстырылымы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сырым ауданында кіндік қаны тамып, Оралдағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінде білім алған Бауыржан Халиолла кейін Алатау бөктеріндегі әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінен түлеп ұшты.

Елге айтыскерлігімен де кеңінен танылған, қазіргі кезде Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының тізгінін ұстап отырған ақынның бұған дейін әр жылдары «Жұмбақ қыздың жанары» («Жазушы баспасы), «Нәзік бұлт көшіп барады», «Жұлдыз жауған жарық түн» (екеуі де Орал қаласында басылды) атты кітаптары жарық көрсе, жаңа жыр жинағы Алматыдағы «Ан Арыс» баспасынан шықты. Кітаптың тұсауын белгілі жазушы, Мемлекеттік және халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов кесіп, жүрекжарды лебізін білдірді.

«Талантты адам қай салада да талантты. Бауыржанның алдымен айтыспенен аты шықты.Кейін жаңа қырынан көрініп, жазба поэзияда өз қолтаңбасы бар екендігін дәлелдеді. Жүрек қылын шертетін өлеңдері аз емес. Болашақта да өз бағытынан таймай, құлашын бұдан да кеңге сермеп, әр тақырыпта көлемді туындылар жазуына тілектеспін», — деді С.Досанов.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңір басшысы Алтай Көлгіновтің атынан Бауыржан Халиолланы жаңа кітабының жарыққа шығуымен құттықтап, шығармашылық жолда тың табыстарға жете беруіне тілектестігін білдірді. Шараға сондай-ақ Атырау облысының делегациясы арнайы келіп, көршілес өңірдің басшысы Нұрлан Ноғаевтың сәлемін жеткізді.

Ақын, журналист Талант Арғынғали жүргізген кеш барысында Бауыржан Халиолла өз өлеңдерін оқып, жұртшылықтың ризашылығына бөленді. Бауыржанның тағы бір қыры — өз жырларына ән жазатыны. Оның әндерін Ернар Өмірәлі, Дастан Есентеміров, Фархат Оразов сынды Ақ Жайық өңірінің танымал өнерпаздары орындап, көрермендер көңіліне жол таба білді.

Пікір қалдырыңыз