Ақтөбеге жер аударылып келген өзге ұлт өкілдері қазақтарға алғыс айтып жатыр

Ақтөбеліктер алғыс айту күнін тойлауды бастап кетті. Жарты ғасырдан аса қазақ жерінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері қонақжай қазақ халқының кең пейілдігіне алғыс айтып жатыр. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өткен кездесу осының айғағы.

Студенттердің алдында сөз сөйлеген университет оқытушысы Инна Ли жылап тұрып қазақ халқына алғысын білдірді. Айтуынша, 6 жасында ата-анасымен бірге жер аударылған.

«Әкем адамдарға емес, малға арналған вагонмен бірнеше ай бойы жүріп, қазақ жеріне келді. Ол «жол бойы адамдардың өлі денесі тау болып үйіліп жатты» деп жиі айтатын. Ол кезде аштықтан, шөлден көз жұмған адамдарды ешкім жерлемеді. Оларды тек вагоннан ысырып, жерге лақтырып тастаған. Корей халқын «тыңшы»деп атап, оларға жақындауға тыйым салған. Барлық кедергіге қарамастан қазақ халқы біздің ата-бабамызға көмектесті. Сол үшін де алғысымыз шексіз»,- деді Инна Ли.

1621 жылы Англиядан қоныс аударған келімсектер Американың байырғы халқын — үндістерді тағамнан ауыз тиюге шақырды

Алғыс айтудың түп-тамыры Солтүстік Америкадан тарайды. Англиядан жер аударғандар 1620 жылдары Солтүстік Америкаға барған. Жер аударушылар күзде алғашқы өнімін жинаған кезде мереке ұйымдастырып, өздерін қанатының астына алған үндістерді қонаққа шақырады. Содан бері АҚШ, Канадада алғыс айту күні тойланады. Сол секілді Қазақстан да жер аударған ұлттардың Отанына айналды. Елімізде де 1 наурызды алғыс айту күні деп жариялады.

«Қыстауға жайғасқан қазақтың әр отбасы бірнеше адамға пана беріп, өз шаңырағына шақырды. Бір мезетте екі отбасын баққан адамдар да болды. Сондықтан Алғыс айту күнінің біз үшін маңызы мен мәні зор. Қазақтың жеріне келіп, халықтың қамқорлығына бөленген әр ұлт алғысын айтуы керек деп есептеймін», — деді Инна Ли.

Пікір қалдырыңыз