Ақтөбеде оқушы қыздар мереке күндері мектепте шолпы тағып жүреді


Ақтөбе қаласындағы №31 орта мектептің оқушы қыздары ұлттық салт-дәстүрді заманауи талаппен ұштастырды. Олар мереке күндері мектепте шолпы тағып жүреді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбедегі «Шолпы» клубы бүгін 5 жылдығын атап өтті. Қыздарға ұлттық салт-дәстүрді түсіндіріп, қолөнерге баулитын клубта полиция, медицина қызметкерлерімен де кездесу болады.

«Қыздардың тәрбиесіне баса назар аударуымыз керек. Өйткені, қыз барлық ұлттық құндылықтарымызды дамытушы, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші. Қазақтың ұлттық ой-арманы, тілегінің орындалуы, ұлт ретінде қалуы, қазақ санының көбеюі қыздарымызға байланысты. Қыздарымыз өмірге денсаулығы мықты, ақыл-ойы бар ұрпақ әкелсе, ата-бабаларымыздың мақсат-мұраттары орындалса, қыздарымыздың тәрбиелілігі болар еді», — деді «Шолпы» клубының жетекшісі Алмагүл Сарыбай.

Облыстық «Шолпы» клубы негізінде №31 орта мектепте де оқушылар клубы ашылды. Бұл мектепте 1500-ден астам оқушы білім алса, оның 800-і қыздар. Ал қыздардың 80 пайызының шашы ұзын, олар әр мереке сайын өздері дайындаған шолпыны тағып жүреді.

«Кез келген затты негізсіз жасай салуға болмайды. Сондықтан біз шолпы жасаудың технологиясын меңгеруге шықтық. Ақтөбелік қолөнер шеберлеріне барып, шолпы жасауды үйрендік. Әрі шолпы мен өңіржиек жасаудың бизнес-жоспары дайындалды. Шын мәнінде біз оларды сатып, қыздарымыз пайда табады. Ал қажетті материалдарды қыздар үйлерінен әкеледі», — деді мектеп мұғалімі Орынгүл Ідірісова.

Айта кетейік, орта мектеп оқушылары қала ішінде болып жатқан арулар байқауына жиі қатысады. «Шолпы» клубының жиыны кезінде ақтөбелік шебер Алтынгүл Сұлтангереева мата қиындыларын беруге уәде етті.

«Сатирик Көпен Әмірбек келіп, кездесу өткіздік. Сол кезде қыздар өз қолдарымен жасаған шолпыны сыйға тарту етті. Көпен Әмірбек «бұл дүние өзі бар ма еді» деп айтып жатты. Сонымен қатар, қыздарымыз шаш өруді әдетке айналдырды. Үйінде шашын өріп үлгермегендері, арнайы клубқа келіп, бір-бірінің шашын өріп алады», — деді Орынгүл Ідірісова.

Пікір қалдырыңыз