Ақтөбеде туберкулез мұғалім сабақ берген орталық карантинге жабылмайтын болды

Ақтөбеде туберкулез мұғалім сабақ берген орталық карантинге жабылмайтын болды
Ақтөбедегі ағылшын тілі пәнінен қосымша білім беретін оқу орталығынан шу шықты. Болашақ ауданында орналасқан «Дарина» оқу орталығында білім беретін оқутышыдан анықталған құрт ауруы ата-аналарды әбігерге салып қойды.

Олар педагогтардың бірі «туберкулездің ашық түрімен ауырыпты» деген әңгімені басшылықтан емес, көрші-қолаң мен учаскелік дәрігерден естіген.

«Баламыз үшін қорқамыз, бұл жерге алаңсыз әкеліп жүрдік. Ол адам балалармен ашық байланыс жасады. Мұғалімнің ауру екені анықталғаннан кейін басшылары неге ескертпейді? Біз балаларымызды қаратпаймыз ба?», — дейді ата-аналар.

Орталықта дертке шалдыққан 20 жастағы бойжеткеннің сабақ бергеніне көп болмаған екен. Үш апта сабақ жүргізіп үлгерген оның тобында 100-ден астам оқушы болған. Десе де мамандар «орталықты карантинге жабуға еш негіз жоқ» деп отыр.

«Мен қазір мамандар айтқан барлық талапты орындап отырмын. Дезинфекция жасалды. Ата-аналарға хабарлайын дегенімде, мамандар ол сіздің құзырыңыздағы шаруа емес, учаскелік дәрігерлер хабарласып, тексеруге шақырады деді. Бірақ, осы әңгіме шыққаннан кейін, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқасын, сіздерді шақырып, сөйлесейін дедім. Негізі, қызметкеріміз екінші ақпаннан бастап ем қабылдауына байланысты жұмысқа келіп жүрген жоқ», — дейді «Дарина» тіл үйрету орталығының басшысы Ирина Аверьянова.

Аудандағы отбасылық медицина орталығы мұғалім сабақ берген 112 оқушының әрқайсысын бақылауға алған. Туберкулездің жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау қиын. Себебі, құрт ауруы бірден сыр бермейді екен.

Пікір қалдырыңыз