«Юта», «Рахат», «Арцах»: Полиция Ақтөбеде төбелес жиі болатын мейрамханалардың атын атап, түсін түстеп берді


Ақтөбедегі ойын-сауық кешендерінде қылмыс жиі тіркеледі. Полиция қызметкерлері жиі төбелес болатын мейрамхана мен дәмханаларды атады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиев бүгін облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп берді. Өңірде төбелес жиі болатын, қылмыс тіркелетін бірнеше мейрамхана бар.

«Өткен жылы ойын-сауық кешендерінен мыңға жуық шақыру түсті. Оның 344-і қылмыс, 600-ге жуығы әкімшілік құқық бұзушылық іс. Бір жыл ішінде «Юта» мейрамханасынан 107 , «Рахаттан» 110, «Тайқазаннан» 89, «Арцахтан» 99 шақыру түсті. Облыс, қала әкімдігі, прокуратурамен бірге шара қолданамыз. Көбі түні бойы жұмыс істейді. Бірінен шығып, екіншісіне кіретін адамдар ішімдік ішіп, қылмысқа барады», — деді Қаныбек Жақсығалиев.

Сондықтан жергілікті полиция қызметі жұма, сенбі күндері автопатрульге шығады. Дегенмен көбі ұрыс-керіс басталғанда емес, төбелес басталғанда полиция шақырады. Мейрамханалардағы бейнекамералар да адамдардың бейнесін анық көрсете алмайды.

«Кеше ғана «Тайқазанда» төбелес болды. Түнімен ішімдік ішкен адамдар төбелес шығарды. Камераны қараған кезде адамдардың бет-әлпеті көрінбеді. Қазіргі кезде терроризмге қарсы күрес жұмыстары аясында айыппұлдар салынады», — деді жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиев.

Айта кетейік, өткен жылы облыс бойынша 60 мыңға жуық адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жазаланды.

Пікір қалдырыңыз