МЖӘ: Ақтөбеде мүгедек балаларға арналған балабақша пайдалануға беріледі

Ақтөбенің Батыс-2 ауданында мүгедек балаларға арналған балабақша пайдалануға беріледі. Онда туа бітті сал ауруына шалдыққан, құлағы естемейтін, ақыл-есі кеш дамыған балалар тәрбиеленеді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Нектар» тұрғын үй кооперативінің қарапайым балаларға арналған балабақшасы қайта жарақтандырылып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мамандандырылған балабақша болып ашылады. Өткен жылы басталған жұмыс биыл аяқталуы тиіс. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылатын балабақшада 180 мүгедек бала тәрбиеленеді.

«Ақтөбе облысы бойынша 1 мыңнан астам мүгедек бала мектепке дейінгі мекемеге барады. Балалар денсаулықтарына байланысты қарапайым бақшада тәрбиелене алмайды. Өңірге арнайы бақша қажет болған соң шешім қабылданды. Жаңа балабақшада логопед, тифлопедагог, дефектолог-психолог жұмыс істейді. Талап бойынша әр топта 8-12 бала тәбиеленеді. Тілі мүкіс балалар үшін 7 топ, психологиялық дертке шалдыққан балаларға арнап 2 топ ашылады. Сонымен қатар, ақыл-есінің жетілуі тежелген, Даун синдромына шалдыққан балалар балабақшаға алынады», — деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Марал Мыржықбаева.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында 5 мыңнан астам мүгедек бала бар. Оның 2 мыңнан астамы мектепке дейінгі жаста. Ақтөбе қаласы бойынша 455 бала арнаулы балабақшада тәрбиеленіп жатыр.

«Батыс-2 ықшам ауданында жаңа балабақша салынып жатыр. Балалар «Стройдетель» ЖШС-і салып жатқан балабақшаға ауыстыралады. Ата-аналардың өтініші бойынша, бұрынғы балабақша мамыр айына дейін жұмыс істеп, кейін мүгедек балаларға беріледі», — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Пікір қалдырыңыз