Өткен жылы Ақтөбе медициналық кластерінде 400 жоғары технологиялық оталар жасалды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындармен есептік кездесуі кезінде өңірлік медицинаның 2017 жылдағы жетістіктері жайында айтып берді. Осы саланың айтарлықтай ілгерілегендігінің белгісі сол, ақтөбеліктердің өмір сүру ұзақтығы 72,8 жылға жеткен, жалпы өлім-жітім 5,7%, нәресте өлімі 24,3%, ана өлімі 64,6%-ға азайған.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, дені сау ұлт – мемлекеттің гүлденуінің негізі болып табылады. Облыста денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше мән беріледі. Өткен жылы бірнеше жетекші клиникалардың бірігуі негізінде құрылған «AktobeMedicalCenter» Ақтөбе медициналық кластері базасында 15 мыңнан аса ота жасалса, оның 400-і жоғары технологиялық. Олардың қатарында 11 бауыр ауыстыру, 35 бүйрек ауыстыру операциялары»,-деп хабарлады облыс басшысы.

Былтыр 26 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы басталды, оның ішінде ауылдық жерлерде салынып жатқан 21 нысаннның тоғызы пайдалануға берілген.

Ақтөбе облысында мемлекеттік-жеке серіктестік аясында құны 3,7 млрд. теңге болатын елдің батыс өңіріндегі тұңғыш офтольмологиялық емхана ашылды. Жылына 150 мың шақырту алатын жедел жәрдем стансасы алғашқы емделушілерін қабылдады.

Қазіргі таңда қалалық балалар тіс емханасы мен 12 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Осы жылы сондай-ақ, онкология және өзге де ауруларды бастапқы сатысында анықтайтын Ядролық медицина орталығының, заманауи Check-up диагностикалық орталығының құрылысы басталмақ.

Жалпы, биыл МЖС аясында кем дегенде жиырма медициналық мекемені пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Пікір қалдырыңыз