Көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен ақтөбеліктер әкім есебінде алғыс айтты


Өткен жылы көктемде су басып, баспанасынан айырылған адамдардың бір бөлігі Қурайлы ауылына үй салып алды. Жаңа мекенге көшкен халық бүгін әкім есебіне келіп, көмек көрсеткен адамдарға алғыс айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың есеп беру кездесуінде алғыс айтқан адам көп болды. Солардың бірі – Жандос Ұзақов. Ол көктемгі су тасқыны кезінде зардап шегіп, кейін жаңа баспана салып алған адамдардың сәлемін жеткізді.

«Қурайлыдан бір топ адам келіп отырмыз. Сәуір айында су тасқыны болып, баспанасыз қалған адамдар Қурайлы ауылына көшті. Сіздің арнайы бастамаңызбен, халықтың көмегімен жер беріліп, үй салынды. Жағдайымыз жақсы. Алғыс айтамын. Қазір бір проблема бар. Бізде қоғамдық көлік қатынасы қиын. Қарттар мен балалар үшін де қиын», — деді Қурайлы Жандос Ұзақов.

Кездесу кезінде облыс әкімі де қолұшын беріп, көмек көрсеткен кәсіпкерлерге алғысын айтты.

«Ақтөбелік кәсіпкер қыздар көмек берді. «Қолқанат Ақтөбе» қоры құрылып, кәсіпкерлер ақша аударды. Ол жерге 270 миллион теңгеге жуық қаржы жиналды. Қор есебінен 100-ге жуық ақтөбелік баспаналы болды. Ал Қурайлы ауылындағы үйлердің құрылыс жұмысы бітті. Алдағы уақытта қоғамдық көлік мәселесін де шешеміз», — деді Бердібек Сапарбаев.

Көрнекі фото: Patrul.kz

Пікір қалдырыңыз