Биыл Ақтөбе облысында 13 жаңа мектеп пен 38 балабақша пайдалануға беріледі


Президенттің үш ауысымды мектептер мен авариялық мектептерді жою жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Ақтөбе облысында 26 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде биылғы жылы кемінде 13-і пайдалануға беріледі. Бұл туралы тұрғындармен кездесу барысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлады.

Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде 5,7 мың орынға арналған 38 балабақша ашу жоспарланып отыр. Бұл 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды 98%-ға арттырады.

«Адами капитал — елдің және қоғамның бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста білім беру қызметтерінің сапасын және тиісті базаны жетілдіру бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. 2017 жылы 3500-ден астам орынға 39 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Бұл 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды 93%-тен 96% -ке дейін арттыруға мүмкіндік берді. 32 мектептің құрылысы жалғасуда, оның ішінде 15 апаттық жағдайдағы, төрт ескі және жеті үш ауысымдық мектептің мәселесі шешілді», — деді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы «Бақытты бала» жобасының аясында жүзеге асырылатын шаралар туралы баяндады. Жоба 218 балабақшаны және 243 мектепті интерактивті жабдықпен жабдықтауды, робототехникаға арналған ресурстық орталықтар ашуды, жалпы мектептерде 77 спорт алаңдарын және тағы басқаларды жабдықтауды қарастырады.

Облыс әкімі әлеуметтік саланың дамуы туралы айта келіп, 2017 жылы халықты спортпен және дене шынықтырумен қамту 27 пайыздан 31 пайызға дейін көтерілгенін атап өтті. 22 спорт алаңы салынды. 2018 жылы Қобда ауданында спорттық-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр және Әйтеке би, Қарғалы және Ырғыз аудандарының аудан орталықтарында 3 ДШСК құрылысы басталады. Батыс-2 шағын ауданында жалпы құны 3,8 млрд. теңгені құрайтын Мұз айдыны сарайы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз