Ақтөбеліктер өңір басшысынан ардагерлер мен жастар үйін салып беруді сұрады

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халық алдында есеп беріп, тұрғындардың өтінішін тыңдады. Ақтөбеліктер ардагерлер үйі мен жастар үйін салып берді сұрады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысында 92 мыңнан астам ардагер тұрады. Оның басым бөлігі Ақтөбе қаласына қоныстанған. Әкім есебіне келген Ғалым Дәулеталин ардагерлер бас қосатын, кеңесетін арнайы ғимарат сұрады.

«Жұмысыңызға жақсы деп баға беріп, жыл жоспары орындалуын тілейміз. Менің сұрарым – Ардагерлер үйі. Біз жиналып, кеңес өткізетін жердің болғанын қалаймыз», — ақтөбелік ардагер Ғалым Дәулеталин.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында балаларға Шығармашылық академиясы, Хоккей модулі, Жекпе-жек сарайы, өнер адамдарына Өнер орталығы, Жұбановтар әлемі пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасып, биыл аутизмге шалдыққан балаларға арнап оңалту орталығы, Аналарға тағзым орталығы, үздіксіз жұмыс істейтін лагерь ашылады.

«Бұл сұрақ бізге таныс. Алдымен балаларға, мүгедектерге арналған орталықтарды ашып, пайдалануға береміз. Содан дейін Ардагерлер үйін саламыз. Қазір бір емхананы босатып, сіздерге беруге болады. Қалада емхана да жетіспейді. Сондықтан жаңасын саламыз», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Пікір қалдырыңыз