Ақтөбе облысында 2018 жылы 25 өнеркәсіп кәсіпорны цифрландырылады

Ақтөбе облысында 2018 жылы 25 өнеркәсіп кәсіпорнын жаңғыртып, цифрландыру үшін 38 миллиард теңге салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017»-нің 18 инновациялық технологиясын енгізу жұмыстары жалғаспақ.

Бұл туралы облыс әкімі Бедібек Сапарбаев Ақтөбеде тұрғындармен есептік кездесу кезінде мәлімдеді.

Өңір басшысы жаңғыртудың бірнеше мысалын келтіріп кетті. Өнеркәсіпте хром қосындылары өндірісінің процесін жақсарту үшін инновациялық сутектік қозғалтқыштарды, энергия көздерін жаңғырту технологиясын енгізу, сонымен қатар, мұнай-газ саласында жылу алу үшін қоқыстарды жағу әдісімен өңдеу және кәдеге жарату жоспарлануда.

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауы аясында 2017 жылы 20 млрд теңгеге жиырма кәсіпорын жаңғыртылған болатын. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін, еңбек өнімділігін 10% артыруға, өнімнің өзіндік құны менжарақат алуды төмендетуге мүмкіндік берді.

«Өткен жылы өнеркәсіп өсімі 5% құрап, кәсіпорындар рекордтық сома — 1,55 трлн. теңгенің өнімін өндірді. Өсімге өңдеу өнеркәсібінің 7,9% немесе 527 млрд. теңге деңгейінде дамуы арқасында қол жеткізілді. Сөйтіп, біздің өңір мұнай-газ саласына деген тәуелділігін төмендетіп, табысты түрде диверсификациялануда», — деді Б.Сапарбаев.

«Осы жылы облыс экономкиасына 510 млрд теңге тартылады. Мұнай өндіру көлемін 6-дан 6,2 млн тоннаға дейін, газды 6,6-дан 6,8 млн текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Жалпы, шығарылатын өнеркәсіп өнімі шамамен 2 трлн теңгені құрайды», — деді облыс әкімі.

Пікір қалдырыңыз