«Төрт ағайынды» ісі: Мұнай компаниясының операторлары қара алтынның литрін 6 теңгеге сатты


Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін ұйымдасқан қылмыстық топтың ісіне қатысты куәгерлерден жауап алынды. «Сағыз Петролеум» компаниясының операторлары мұнайдың литрін 6теңгеге сатқанын мойындады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Бұған дейін мұнай ұрлағаны үшін 5 жылға шартты түрде жазаланған Асқар Балманов бүгін сотта куәгер болды. Ол «Сағыз Петролеум» компаниясының Қағанай кен орнында оператор болып жұмыс істеді. Яғни, операторлар ұңғымадан шығарылған мұнайды цистерналарға құйып, көлемін өлшеп, есеп береді. Бірақ сол аралықта ол сотталушы Қайыркелді Ізтұрғанов пен Жангелді Өтегеновтың ұсынысынан бас тартпаған. Ол «қорыққаннан мұнайды ұрлап саттым» деп отыр.

«Мен Еркін Ізбасар, Аухат Қалиевтің аты-жөндерін естіген жоқпын. Мені тек Қайыркелді Ізтұрғанов қорқытты. 2015жылы мен 15 көлікке мұнай саттым. Тегін берген жоқпын», — деді жазасын өтеуші Асқар Балманов.

Іс материалдарына сүйенсек, оператор Асқар Балманов «Сағыз Петролеум» компаниясында жұмыс істеп жүрген кезде оған белгісіз біреу қоңырау шалады. Кейін кездесіп, мұнайды ұрлау туралы ұсыныс айтады. Бұл аралықта Жангелді Өтегенов те іске араласып, мұнай тасымалдауға қатысады. Мұнай ұрлығы түнгі сағат 2-3 аралығында жүргізілген.

«Полицияны киімінен тануға болады. Ал «қылмыстық авторитет» деген не? Жейтін зат па? Оны қайдан естідің? Соны түсіндіріп берші. Мен білмеймін, сенен сұрап отырмын», — деді сотталушы Еркін Ізбасар. Бірақ Асқар Балманов бұл сұраққа жауап беруден бас тартты.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Көрнекі фото: Газета.ру

Пікір қалдырыңыз