Ақтөбе облысының бас имамы өткен жылы 15 мың адамға 24 млн теңгенің көмегі көрсетілгенін жеткізді

Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан былтыр қала және ауыл округтеріне 39 рет ресми іссапар жасап, діни қызметтің сапасын арттыру, үгіт-насихат, діни қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру, мешіттерге қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мәселелері зерделенгендігін мәлімдеді, деп хабарлайды «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметінен.

2017 жылы Ақтөбе өкілдігінің тікелей ұйытқы болуымен 6 мешітте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 9 мешіттің құжаттары діни басқарма балансына өтті, жаңадан 2 мешіт халық қолданысына берілді.

Сонымен қатар, қайырымдылық шаралары көптеп жүзеге асырылып, жалпы саны 15359 адамға азық-түлік, киім-кешек және қаражатпен көмек берілді. Соның ішінде, қаржылай көрсетілген көмек мөлшері – 24 404 877 теңге.

Бұдан бөлек өкіл имам облыс мешіттерін білікті діни кадрлармен қамту, оларды тұрақтандыру бағытындағы іс-шаралар, жат ағымның алдын алу, ақпараттық түсіндіру жұмыстарының ретін баяндап, 2018 жылдың жұмыс жоспарымен таныстырды.

Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы діни ахуалды тұрақтандыруға бағытталған іс-шараларды әрі қарай жалғастыруға қолдау білдіретіндігін жеткізді.

Пікір қалдырыңыз