Сапарбаев: мықты дәрігерлер Ақтөбеде!

Сапарбаев: мықты дәрігерлер Ақтөбеде!

Ақтөбе облысының әкімі өңір дәрігерлеріне жоғары баға берді. Дәрігерлерге қатысты халықтан түсетін шағымның көп екенін айтқан әкім мықты мамандардың да бар екенін айтты.

«Өкінішке орай, халықтан түсетін шағымның көбі дәрігерлерге байланысты. Барлық дәрігерлерге жала жаба алмаймын, мықты дәрігерлер Ақтөбеде бар. Бауыр алмастыру, бүйрек ауыстыру, жүрекке ота жасау секілді күрделі медициналық емдердің осы жерде болып жатқаны бекерден бекер емес. Мен сіздердің дәрігерлерге қатысты реніштеріңді түсінемін. Бірақ, мен дәрігерлердің бәрі жауапсыз деп айта алмаймын. Біздің өңірде медицина саласында жақсы кадрлар бар. Сол үшін біз медициналық кластер салғымыз келді. Ақтөбеліктер, батыс өңірінің тұрғындары сыртқа шықпай, осы жерде емделсе дейміз. Қазіргі уақытта корея елінің мамандарымен жұмыс жасап жатырмыз», — деді әкім.

Сонымен қатар, облыс басшысы дәрі-дәрмек бағасына тоқталып, ақтөбеліктердің санының өсіп келіп жатқанына да қуанды.

«Дәрі-дәрмектің бағасын біз қоймаймыз. Дәрімен қамтамасыз ететін республикалық мекеме бар. Кеше мемлекет басшысы ол жөнінде денсаулық министріне тапсырма берді. Біз дәрі-дәрмек шығаратын фабрикаларды көберек ашуымыз керек. Бізді қуантатыны халық санының көбейіп келе жатқаны. Оның бала саны көбейіп келе жатыр. Оларға жағдай жасауымыз керек», — деді әкім.

Пікір қалдырыңыз