Сапарбаев ақтөбеліктерге Елбасының қандай тапсырмалар бергенін айтты


Ақтөбе қаласы әкімінің халық алдындағы есебін тыңдауға барған Бердібек Сапарбаев Президенттің өңір басшыларына қандай тапсырмалар бергенін айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Мемлекет басшысы мұндай кездесулерге үлкен мән береді. Әрдайым әкімдерге, басшыларға осындай кездесулерді жиі өткізу керектігін айтады. Жақында ғана өздеріңіз білесіздер, өкіметтің кеңейтілген мәжілісінен кейін арнайы облыс әкімдерімен де жиналыс болды. Тағы да халықпен жиі кездесіп тұруға тапсырма берді. Халықтың көтеріп жатқан мәселелеріне көмектесу керектігін айтты», — деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы қала тұрғындары көтерген мәселелердің шешілетінін түсіндірді.

«Сіздердің қойып отырған сұрақтарыңыз белгілі. Біз әлеуметтік мәселелердің барлығын шешуіміз керек. Оның барлығына қаржы керек. Біз барлығымыз жұмыс жасасақ қана қаржы болады. Біз өндірісті, ауыл шаруашылығын, құрылыс, кәсіпкерлік және басқа салаларды дамытуымыз керек. Біз көбірек жұмыс орнын ашып, сіздерге жұмыс берсек, біздің қазынамызға салық түссе, сол салық арқылы сіздер көтерген мәселелерді шешуге тырысамыз. Қазір заман басқа. Біз өзімізді өзіміз тамақпен қамтамасыз етуіміз керек. Сырттан келетін тамақты азайтуға тиіспіз. Қосымша суармалы жерлерді көбейтуге күш саламыз», — деді әкім.

Пікір қалдырыңыз