«Өнер қырандарының» актері Ақтөбеде мүгедек әйелге баспана кілтін табыс етті

"Өнер қырандарының" актері Ақтөбеде мүгедек әйелге баспана кілтін табыс етті

«Харекет» қайырымдылық қорының еріктілері Қандыағаш қаласының тұрғынына баспана алып берді, деп хабарлайды «Мұғалжар» газеті.

«1000 теңгеге баспана» қайырымдылық акциясымен барлық қазақстандықтарды мұқтаж жандарға көмекке қол ұштарын созуға үндеп келген «Харекет» қайырымдылық қоры бұған дейін Қарағандыдағы Сәтпаев ауылының тұрғынына пәтер кілтін табыс еткен болатын.
Үмелеп жүріп кезекті баспананың кілтін ақтөбелік ІІ топтағы мүгедек, еңбекке қабілетсіз Динара Мәжиеваға ұстатты. Ол осы уақытқа дейін Ақтөбе өңіріне қарасты Мұғалжар ауданындағы Сағашилі ауылында жалғыз ұлымен пәтер жалдап келген.

«Бұл ізгі іс әрмен қарай жалғаса береді. Себебі, бүгінде арамызда осы баспанаға мұқтаж қанша бауырларымыз бар. Қазақ қашанда «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел». Бабалар ұстанған жолмен жүрсек, бізден бақуатты ел болмайды. Сондықтан, барша қазақстандықтарды осы акцияға үлес қосуға шақырамыз. «Көп түкірсе көл болады». Әр азамат садақа ретінде 1000 теңге салса, сол бір баспананың кірпіші деп есептесін. Осылайша, біз баспанаға мұқтаждарға көмек береміз», — деді пәтер кілтін табыстаған «Өнер қырандары» театрының актеры Жанболат Найзабеков.

Пікір қалдырыңыз