Бердібек Сапарбаев: Бәрін билікке артып қоюға болмайды

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың есебіне барған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев сұрақтардың көбіне өзі жауап берді. Өңір басшысы ел ішінде атқарылып жатқан жұмыстар мен басты талаптарды тағы бір рет түсіндіріп берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың есеп беру кездесуіне келген тұрғындардың басым бөлігі өз өтініштері мен арыздарын өңір басшысы Бердібек Сапарбаевқа айтты. Олар жол мен жүргіншілер жолы, қоғамдық көлік, көшені жарықтандыру, дәрі-дәрмек бағасы мен тұрғын үй, жер мәселесін қозғады. Көпшілікті тыңдаған Бердібек Сапарбаев өз ойын жеткізді.

«Таңертеңнен кешке дейін «бер, бер» деп айтатын болсақ, ештеңе өнбейді. Тек жұмыс істеу керек. Тәртіп болуы шарт. Билік ретінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Екінші жыл қатарынан «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы іске асырылып жатыр. Оның құрамында прокуратура, ұлттық қауіпсіздік қызметі, ішкі істер органдары бар. Біз дін, мектептердегі орамал мәселесін де білеміз. Заң – бәріне ортақ. Егер Қазақстанда тұрсаң ұлтына қарамастан барлық заң талаптарын сақтап, нормативтік-құқықтық актіні орындауың керек. Қазақстандықтар, ақтөбеліктер алаңсыз ұйықтап, жұмысқа барып, балаларың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін бірлескен жұмыстың болғаны жөн. Егер бәрін билікке артып қойсақ, жақын арада оң нәтиже болмайды. Қоғам мен билік бірлесе жұмыс істесе ғана іс алға басады», — деді Бердібек Сапарбаев.

Есеп беру кездесуінде «Аналарға тағзым» орталығы туралы да айтылды. Тәрбие орталығының құрылысы биыл аяқталып, қолданысқа беріледі.

«Кейінгі кезде бізде тәрбие ақсап тұр. Ақтөбелік кәсіпкер қыз-келіншектер қолдап, құрылыс жүріп жатыр. Қаланың орталығында «Аналарға тағзым» орталығы салынып, пайдалануға беріледі. Бәрі қосылып, көмек беруі керек. Қыздарымыз ұлтымызды ұятқа қалдырмауы керек. «Қыз – елдің көркі» деп бекер айтпайды. Қыздар біздің болашағымыз, ұрпағымызды тәрбиелейтін ана. Сонымен қатар, «Бақытты бала» акциясы басталды. Барлық тұрғын үйдің ауласында балалардың ойын алаңы салынады», — деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халық алындағы есеп беру кездесуін 21 ақпан күні өткізеді. Кездесу 1200 орынды Өнер орталығында өтеді деп жоспарланған.

Пікір қалдырыңыз