Ақтөбеде мектеп оқушылары бір-бірін пышақтап тастады


Ақтөбе облысының Байғанин ауданында болған жасөспірімдер арасындағы төбелес туралы жарақат алған баланың туысқандары хабарлайды. Олардың айтуынша, өлім ауызынан қалған жасөспірімнің үстінен қылмыстық іс қозғалып кетуі мүмкін.

«Менің інім Серғали Әділжан қалаға колледжге оқуға түскен еді. Каникул кезінде ауылға барған. Тал түсте аудандағы әскери бөлімшенің алдында мектепте оқитын құрдастарымен шекісіп қалады. Кейін бірін-бірі кездесуге шақырған. Ана бала қасына оншақты адам, біздікі екі баламен барып, керіседі. Сол жерде төбелес болып, інімнің санына пышақ кірген. Інім қолындағы тырнақ алатынмен екінші баланың бірнеше жерін жарақаттаған. Пышақ терең кіріп, сол жерде қансырап құлайды. Мұны басында өліп қалды деп ойлаған. Қаладан дәрігер шақыртып, үзілген барлық ұсақ тамырларын жалғап берді. Екінші баланың әкесі әскери бөлімшеде жасайтын кісі екен. Олар біз мына жақта отамен есіміз кетіп жүрген кезде зәбірленуші болып, полицияға арыз жазып тастаған», — дейді Салтанат Жұмағамбетова.

Туысқандары бір өлімнен аман қалған жасөспірімнің үстінен қылмыстық іс қозғалып кете ме деп алаңдап отыр. Ал дәрігерлер аяғынан жарақат алған жасөспірімнің ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілгенін айтты.

«Қазір жағдайы жақсы. Пышақ санына терең кіріп, үлкен тамыр жарақаттанған. Ота арқылы тамырды жалғап бердік. Қаладан дәрігер шақырдық. Сол күні бізге екі бала пышақ жарақатымен түсті. Екінші баланың өкпе тұсы жарақаттанған. Пышақ төрт-бес жерден өкпесінің тұсынан жасалған. Оған пышақ терең кірмеген. Екі балаға да біз өз көмегімізді көрсеттік, әр қарай заң орындары жұмыс істейтін болады», — дейді Байғанин аудандық ауруханасының бас дәрігері Абзалбек Иманбаев.

Көрнекі сурет: Vitbichi.by

Пікір қалдырыңыз