Облыстық драма театрына басшы болып келгелі Нұрхан Кәдірбаев алғашқы жобасын ұсынбақшы

Ақтөбе қаласының театр жанкүйерлеріне алғаш рет қойылып жатырған «Ревизор» қойылымын елге танымал әртістер сахналайды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Жаңа қызметінде облыстың драма театрының басшысы Нұрхан Кәдірбаев алғашқы жобасына елге танымал әртістерді шақырды. «Ревизор» қойылымын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Әбділманов пен Айгүл Иманбаева сахналайды.

«Бұл қойылымға ең алғаш режиссер таңдадық. Бұрын актер, тележүргізуші болған Жұлдызбек Жұмабай деген азаматты әуелден шақыру ойда болған. Кейін коммерциялық жағын қарастырдық. Көрермендерді театрға баулуымыз керек. Елге танымал әртістердің ішінде таңдауымыз Болат Әбділманов пен Айгүл Иманбаеваға түсті. Орал театрының бас суретшісі Мұрат Мәмбетов деген азаматты да шақырдық. Осы төрт адам негізгі қоюшы топ болып саналады. Ал, шығармашылық топтың 30 пайызы жергілікті театр әртістері», — дейді Нұрхан Кәдірбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Н.Гогольдың «Ревизор» қойылымы ақпан айының 10-17 аралығында Т.Ахтанов атындағы драма театрында сахналанады.

Пікір қалдырыңыз