Биыл Қазақстанда 500 шақырым жолдың құрылысы аяқталады — Үкімет басшысы

Биыл Қазақстанда 500 шақырым жолдың құрылысы аяқталады - Үкімет басшысы

Биыл Қазақстанда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 500 шақырымдық жолдың құрылысы аяқталады. Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көліктік, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдардың ауқымды құрылысының арқасында жыл сайын 100 мыңға жуық жұмыс орындары ашылуда. Ең алдымен, автокөлік жолдарының заманауи желісі туралы айтып өтсем. 2015-2017 жылдары Астананы басқа өңірлермен байланыстырған 2 мың шақырым автомагистраль салынды. 4 мың шақырымға жуық жолға күрделі жөндеу жүргізілді», — деді Үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, аталмыш бағдарлама аясында қарқынды жұмыс жалғаса бермек.

«2018 жылы 500 шақырым жолдың құрылысы аяқталады. Сіздің Жолдауыңыздағы міндеттерге сай, алдағы уақытта жергілікті жолдарға баса маңыз беретін боламыз. Олардың құрылысы үшін 150 млрд теңге бөлініп, бұл қадам ауылдар мен қалалардағы өмір сапасын арттырады», — дейді Премьер-Министр.

Еске сала кетсек, Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалымен ел Үкіметінің кеңейтілген мәжілісі өтіп жатыр. Отырыс барысында еліміздің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, алдағы уақытта экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар айқындалады деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз