Ақтөбелік жас жігіт өзін ұрған полиция қызметкерін кешіріп, бас бостандығынан айырмауды сұрады


Ақтөбелік Аслан Сәрсенғалиев өзін ұрып, саңырау еткен полиция қызметкеріне кешірім берді. Тіпті, сотталушы Айбек Алишевті бас бостандығынан айырмауды сұрады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Аслан Сәрсенғалиев алғашында екі тарап келісіп, емге қаржы берсе, мәселені ың-жыңсыз шешуге келісім берген. Бірақ өзін ұрып, саңырау еткен тарап жәбірленуші сұраған ақшаны бермей, саңырау болған жас жігіт ұзақ уақыт ем ала алмады.

Кейін полицияға шағым түсіріп, іс ұзаққа созылған соң прокуратураға барды. Шын мәнінде бұл іске санды молекулярлы-генетикалық, медико-криминалистикалық, сот биологиялық сараптамалар тағайындалды. Нәтижесінде Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғалып, кейін іс материалдары «Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру» бабына ауыстырылды.

Сот отырысы кезінде жәбірленуші Аслан Сәрсенғалиев сотталушы А.Алишевті кешіретінін, келтірген зиянның толық өтегенін ескеріп, сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Ал сотталушы Айбек Алишев Өзіне тағылған айыпты ішінара мойындап, денсаулыққа ауыр зиянды абайсызда келтіргенін айтты. Ол жасаған ісіне өкініп, жәбірленуші тараппен татуласты. Әрі жәбірленушіге моральдық және материальдық шығындарын өтегенін айтып, бас бостандығынан айырмай, жеңіл жаза қолдануды сұрады.

Судья Р. Күзембаева Қылмыстық кодекстің «Абайсызда денсаулыққа зиян келтіру» бабы бойынша айыпталушы Айбек Алишевті кінәлі деп танып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындады. Оның тәртібін Ақтөбе облысының Темір аудандық пробация қызметі бақылауға алады. Сонымен қатар, 541 мың теңгеден астам сот шығынын өтеу міндеттелді.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Көрнекі фото: Tengrinews.kz

Пікір қалдырыңыз