Қайнар Олжай әріптесі Әмір Оралбай жайлы: Қатар ұшқан құс еді

Қайнар Олжай әріптесі Әмір Оралбай жайлы: Қатар ұшқан құс еді

Белгілі журналист, қарымды қаламгер Әмір Оралбай 1981 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң еңбек жолын қазіргі Мұғалжар аудандық газетінде бастады. Ұзақ жылдар республикалық «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан» газеттерінің меншікті тілшісі қызметін атқарды. Облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінде басшылық қызметте болды.

Әріптесіміздің өмірден озғанына он жыл өтіпті. Оның жарқын бейнесі біздің жадымызда. Бүгін оқырмандар назарына Әмірдің университетте бірге оқыған досы, танымал қалам иесі Қайнар Олжайдың естелік жазбасын ұсынып отырмыз.

Әріптесіміз болған Әмір Оралбаев туралы жазуға бұған дейін сан мәрте оқталдық. Он жыл бойы қолымыз тимейді емес, жүрмейді. Не айтуды, неге айтуды білмегендіктен емес. Сонау қатар абитуриент болған 1976 жылдан бастап өмірі үзілген кезге дейін білеміз. Шығармашылығы, ғылымдағы ізденісі көз алдымызда. Отбасында болдық, артында қалған жары мен балаларын көрдік. Бірақ, ғұмыры қапыда үзілген қайран дос туралы айтпаққа қалам ұстасақ болды, дағдарамыз да отырамыз. Неге? Себебі: Әмір туралы жазып тастасаң болды, бұл тақырыпқа нүкте қойғаның сияқты көрінеді. Бітті. Қайтып оралмайсың. Ал біздің Әмірді ұмытқымыз, артқа қалдырып кеткіміз келмейтін. Жанымызда жүре берсе дейміз. Жаныңда бірге жүре берсін десең, онда жазба. Осылай ойлайтынбыз.

2016 жылдың соңында «Жұлдыз» журналында ғажап естелік жарияланды. Ол мұхиттың арғы жағындағы Мұхтар Мағауиннің қазақтың келесі қайталанбас қаламгері Әбіш Кекілбаевтың туған жердің топырағын жамылғанына бір жыл болғанына орай жазбасы еді. Студент жылдардан басталған достығы екеуін одан арғы шығармашылық жолға қалай түсіргені жайында. Тебіреніп оқығанбыз. Ешкім сенбес-ау, төрт қайырып оқыдық. Алдымен асығыс, басынан аяғына жету үшін. Сосын байыппен, атүсті кеткен тұстарымызды толтыру үшін. Сосын түйсініп тағы оқыдық. Ақырында бірер ай бұрын сағынып қайта оқыдық.

Соншама сұқтануымыздың сыры — бірқатар тұсы тура Әмір екеуіміздің ортамыздағы жағдайға ұқсастығында. Рас, олардай классик бола алмадық. Өйткені, саламыз басқа: Мұхаң мен Әбекең жазушылықпен айналысты, біз журналистикада жүрдік. Әдебиет — өнер де, журналистика — тіршілікке қажет кәсіп. Классика өнерге ғана тән екені түсінікті. Әйтсе де, Әмір туралы жазуға осы мақала әсер еткені хақ.

Сонымен 1976 жылы қоңыр күзде Алатау баурайында студент атаған 50 баланың арасында Әмір екеуіміз болдық.  Қазақстанның бар аймағынан жаңа ғана бастары қосылғандар бір-бірінің қандай екенін қайдан білсін. Ал отыз-қырық жыл бойы аудитория толы қыз-жігіттерді қарсы алатын профессорлар өзіне бұрылған бет, көрінген маңдай,  қадалған жанардан-ақ кімнің кім екенін біле қояды. Иә, кейін Әмір де осындай аудиторияны қабақпен бақылап, кімнен не шығарын Толыбай сыншыдай тап басатын ұстаз болмақ. Оған біршама уақыт керек. Әзірге бәріміз енді студент атандық.

Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романындағы кейіпкердің бірі  профессор Тауман Амандосов алғашқы сабағында әркіммен танысып жатқанда орнына көтерілген Әмірге қарап «түрің Кию Тен Те-ден аумайды» десін. Сол кезден бастап біздің миымызды «Кию Тен Те кім екен» деген сұрақ қажай бастаған. Онда Солтүстік Кореяны Кир Ир Сен басқарады. Беріде билік ұлына, ұлы өлген соң немересіне өтті. Ал 1976 жылы Кеңес Одағы капиталистік Оңтүстік Кореямен байланыспаған. Әлде КСРО-ның өз ішінде Кию Тен Те атты әлдебір Батыр, не Еңбек Ері болды ма екен? Не де болса, бұл сұрақтың жауабы Амандосов марқұмның ішінде кетті, Әмірдің өзі де профессор ұқсатқан Кию Тен Те туралы ештеңе естімесе керек.

Оқыдық. 50 ұл мен қыз. Анығында, басқамыз оқыған болдық, арамызда екі-үшеуіміз ғана түбін түсіре оқыдық. Студент кезде еш нәрсеге алаңдамай, алтын уақытты сыра мен думанға қор етпей білім қуалау керектігін беріде білдік қой. Ал түбін түсіре оқығандар: Жұмабек Кенжалин, Әмір Оралбаев, Кәрібай Мұсырманов қатарымыздан озып ел таныған азаматтарға айналды. Кәрібай Солтүстік Қазақстан облыстық газетінің бас редакторы еді, енді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде халыққа салиқалы ой айтатын қайраткерге айналды. Жұмабек 2017 жылдың шілдесінде қайтыс болғанға дейін «Қазақ газеттері» атты акционерлік қоғамды, одан ЖШС-ны басқарды. «Ана тілі», «Ұйғыр авази», «Экономика» газеттері, «Ақиқат», «Мысль», «Үркер» журналдары біріккен үлкен құрылым бұл. Оның алдында «Қазақ әдебиеті», «Халық кеңесі» газеттерінің бас редакторы болды. Осы аспандағы «Үш арқар» атты жұлдыз сияқты үштіктің бірі Әмір еді. Әттең, екеуі қазақ руханият аспанынан ертерек ағып кетті.

Әмір екеуміз бір бөлмеде жаттық. Шамамен бес жыл бойы. Бізді тәртібімізге қарай декан Қожакеев жатақханадан шығарып жіберген тұста ғана іргеміз ажыраса керек. Ал Әмір жауапты еді. Тәртіп бұзбай-ақ тәуір өмір сүруге боларын содан көргенбіз.

Бастапқыда әркім өз ауылын айтатын. Қадыр Мырза Әли оны атақты «Студенттер» атты өлеңінде тап басқан:

«Алғашқы жыл ауылы естен кетпей,

Бесінші жыл қимайтын астананы».

Ауылын кейін көрдік, бұйығы құм ішінде екен. Біз студент болған жетпісінші жылдар ортасында Арал теңізінің тартылып жатқаны шындық, бірақ оны баспасөзде шулата қоймаған. Кейінгі жылдары Көкарал бөгетінің арқасында Арал қайта кемеріне жақындағанда Қамыстыбас пен Райым көлдерінің де табанынан су көтеріліпті. Осы жерде Әмірдің кіндік қаны тамған.

Өзімен ала келген «Толқын» атты аудандық газетте шыққан мақалаларын көретінбіз. Атақты жерлестерін: Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жарасқан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев, қыл-аяғы Қуаныш Жиенбаевқа дейін мақтан ететін. Біз бұл жағынан ұятты едік.

Тағы бір ұятты жеріміз: қой бағып келген қырдың баласы болғандықтан орысшаға шорқақтау болдық. Әмір оған Аралда жүзген қаяз балықтай еркін. Сондықтан орыс және әлем әдебиетінен тапсырма болса ол кітапханаға, басқамыз сыраханаға кететінбіз. Түнделетіп бөлмедегі төсегімізге жатқан соң Әмір әлгі кітаптың мазмұнын айтып береді: ертесінде оның «бес», біздің «үш» алуымызға жететін.

Бірде бөлмеге екі шелек қып-қызыл шие көтеріп келді. Мамыр айының соңы. Сабақ аяқталып қалған. Сессия кезі. Бірер күнде елге каникулға қайтпақпыз.

— Қайдан тердің?

— Саяжайдан!

— Кімнің?

Саяжай иесі деп профессордың атын айтты. Орыс па, еврей ме қартаң әйел еді. Әлде шетел, әлде орыс әдебиетінен беретін. Біз саяжайына бармақ түгіл университет дәлізінде маңына жуысақ, кәне. Әмірді өзі шақырып, «мына жеміс босқа төгіліп барады, жинап ал» депті. Сабағынан үздік оқығанына мейірленсе керек. Сынақ кітапшасына қойып берген «бестік» бағасынан да артық біліміне ерекше құрмет білдіргісі келсе керек.

Қайбір жылы Бауыржан батырдың естелігінен көкесі Момынқұлдың «Бауыржанның жұлдызы орысқа жүреді» деп мақтанғанын оқығанбыз. Сол сияқты, Әмірдің жұлдызы орысқа жүретіні шындық еді.  Момынқұл демекші, соның немересі Бекет орыс бөлімінде қатарлас оқыды. 2018 жылдың қаңтарында Таразға барғанда жүздескенбіз, облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы екен. Әмірдің орысшасы сол Бекеттен кем емес еді. Кейін Ақтөбеде облыстық қазақ газетімен қоса, орыс газетінің де бас редакторы болғанын естігенде таңырқаған жоқпыз.

Студент кезімізде қазақша ескі, жаңа кітаптарды жарыса оқыдық. Ол прозаға мән берді, біз поэзияны тәуір көрдік. Сағи Жиенбаевтың, Қуандық Шаңғытбаевтың, Қадыр Мырза Әлидің, Өтежан Нұрғалиевтың жыр кітаптарын жастанып жүрсек,  ол әлемдік фантастиканы кеміріп тастады. Бір күні айды аспанға шығарып фантастикалық әңгіме жазды. Ол кезде ең жас дейтін қиялгер жазушы — өзіміздің ұстазымыз Абдул-Хамит Марқабаев. Біздің бойымыз ғұмырда жетпеген, жетпес те биікке студент Әмір бір сәтте ырғып шыға салған. Әңгімесін оқып берді. Оқиға өрбіп келіп уақыттың тұрып қалған сәтіне келеді. Оның ғылыми аты бар екен, қапелімде еске түспейді ғой. Уақыттың тоқтап қалған сәтіндегі біреудің аузында тістелмеген самса (ол кезде «пирожки»), біреудің шошайған саусағы, біреудің аттай берген аяғы дегендей тура картинадағы көріністі сөзбен салып берген.

Марқабаев демекші, курсқа куратор болған ол кісі — Әмірдің жерлесі. Бірақ, онда ауылдас іздеу, ру түгендеу жоқ, білім бағаланатын заман еді. Әмір өзінің бір мақаласында кураторымызды атап кеткені бар: «Бас почтамптың алдындағы гүлзарда «СҚ-ны» оқып отыр едім, қазақтың маңдайына біткен қиялгер жазушы Абдул-Хамит  Марқабаев әдеттегіше қуақылана сөйледі:

— Ә, қу бала, «СҚ-ны» оқып сықиып қалма!» Цитатаның соңы.

Әбекең ұстаз Әмірдің кейін «Егемен Қазақстан» атанып еркіндікке жететін сол «СҚ-ға» меншікті тілші болатынын сезді ме екен?! Және газеттің Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайдың тұсында сықиып қалмай, шынайы жалпыұлттық өріске айналарын білді ме?! Өмірде кездейсоқ жайт жоқ, сенің айтылған сөзің сол кезде ұшқары сезілгенмен, алдыңнан ақиқат болып шықпақшы. Тіршілікте біз білмейтін, сезінсек те, сөзден жеткізе алмайтын құбылыстар көп. Ғылым аша алмаса керек. Тек фантаст жазушылар қаламмен жеткізуге түртінетін. Қиялгер Әбекең қиялгер шәкіртінен жеті-сегіз жылдан кейін беріде өмірден өтті.

Газет оқимыз дегеннен шығады, ол кезде интернет жоқ. Бас почтамп пен «Алматы» қонақ үйінің арасындағы кең аллеяда орталық, республикалық және облыстық газеттерді іліп қоятын тақтайшалар бар. Сырты әйнек қақпақ, оған ұрлап кетпесін деп шағын құлып салады. Орталық және республикалық газеттерді киоскіден сатып алып оқитынбыз. Әмір екеуміз өзара келісіп, бір данадан алушы едік. Ол «Правданы», біз «Известияны» аламыз. Сосын ауысып қараймыз. «Социалистік Қазақстан» мен «Лениншіл жас» та солай. Ал облыстық газеттерде не жазылғанын оқуға осы аллеяға бір соғып кетеміз. Олар бірнеше күнге кешігіп келеді. Поштамен жеткені сол ғой. Әмір Қызылорда облыстық, біз Семей облыстық газетінің қасында шұқшиып тұрамыз. Басқасын сыдырта шолып кететінбіз.

Осылай студент болдық. Студент кезде ғашық та болдық. Ол — жастық шақтың бір елесі. Бәрінің басынан өтетін жағдай. Оқу бітірген қаншама жылдан соң Әмір жар сүйіп,  бала-шаға иіскеп, журналистиканың, қызметтің биігіне жетіп, ғылым атты әлемнің есігін ашып, ақыры соның бәрінің қызығын көрер кезде өкінішпен өмірден өткенде Ақтөбедегі шаңырағына барып Құран оқытқан күні артында қалған жары Меңдікүл әлдебір қағазды қолымызға ұстатқан. Иә, біздің өлеңіміз. Оқу бітіргенде жан-жаққа тарайтын елу курстасқа бір-бір шумақтан жыр арнағанбыз. Онда қолмен жаздық. Ксерокс жоқ. Компьютер түске енбеген. Әмірдің сол жазбамызды қалай, қашан көшіріп алғаны белгісіз. Кейін компьютерге түсіріпті. «Өзімізде қалған жоқ» деп жүрген жазбамыз отыз жылдан аса уақыт өткенде досымызың қара шаңырағында қайта қолымызға тиген. Сонда елу баланың бірі Әмір Оралбаевқа қарата:

Қазақ демес сені ешкім күндіз көріп,

Ойыңдағы арманың бір қыз болып.

Жұлдыз санап жүруші ең, Әмір досым,

Жарқырашы өзің де жұлдыз болып, — деп жазыппыз. Иә, жұлдыз болып жарқырап еді, тек ертерек ағып кеткені өкінішті.

Мана Әмірді «үздік үштіктің бірі» дедік. Сол үштіктегі Жұмабек Кенжалинге:

Жаратқанмен бұл өмір бізді мықты,

Жанарымда тұрғаны-ай күзгі шықтың.

Шабысыңнан танбағың, беу Жұмабек,

Ортамыздан сен біздің үздік шықтың, — деппіз. Айна-қатесіз солай болды. Өмірден өткенше бұл курстас шабысынан бір танбай, баршамызға үлгі көрсетті. Халық беріде парламенттен көріп жүрген Кәрібай Мұсырмановты да үздік үштікте дедік қой. Оған арналған бір шумақ мынадай екен:

Бойында бабамыздың салты басым,

Нар жігітсің, сыр мінез, әр қыры асыл.

Қоштасарда айтарым жалғыз тілек:

Ал, Кәрібай, маңдайың жарқырасын.

Тілегіміз орындалған тәрізді. Елу достың бірін қалдырмай жазылған осы жырдың өзі Әмірдің ұқыптылығы болмаса мәңгілік жоғалып кетер ме еді.

Оқу бітіріп ол Ақтөбеге, біз Қостанайға аттандық. Солтүстіктен қашып-пысып Олжаев бәрібір Алматыға оралғанда, Оралбаев жолдама берілген жерде қалды. Табанды, тиянақты мінезінің бұл да бір дәлелі еді. Бәрібір біз алысқа ұзап, шығанға шығып кетпеппіз. Ақыры екеуміз бір шаңырақта тоғыстық: республикалық «Лениншіл жас» газеті. Ол — газеттің батыс облыстар бойынша, біз — Орталық Қазақстандағы облыстар бойынша өз тілшісіміз. Жарыса жаздық. Қатар мақталдық. Жастар газеті жақсылап шыңдады. Ара-тұра жақсы мақалаларымызды бағалап, өзара хабарластық. Алматыға есеп беруге келгенде сырластық. Сонау студент кезден басталған әзіліміз үзілмейтін. Бәрі ойда сақталсын ба. Әйтеуір, әр күніміз күлкісіз өтпейтін.

Алматыға «Лениншіл жас» газетіндегі жылдық есептік жиналысқа келгенімізде «Қалай, Қайнеке, «экспериментті» дұрыс жазып жүрсің бе?» деп күлетін. Студент кезімізде декан Қожакевтің өзі жетекшіміз болып, бір курс жұмысымыздың бетіне үлкен етіп «эксперимент» сөзін дұрыс жаза алмайсыз» деп ескерту қалдырып еді. Онда жұмыс мәшеңкеге басылады. Өзің баспайсың, ақшасына апайлар басып беретін. Біз үстінен қарағанда байқамай қалған әріп қатесі Әмірдің алдында талай жыл күлкіге қалуға жетіп жатты.

Бірде газеттің тойына шақырылдық. Көкке шықтық. Редакторымыз Сейдахмет Бердіқұловтың өзі бастап. Негізгі ұйымдастырушы — орынбасары Ержұман Смайылов. Әмір екеуміздің қорғанышымыз, тірегіміз. Кезінде бірінші кураторымыз  болып, алты айдан соң ғылымды тастап, газетке кеткен. Орнына Марқабаев куратор болған. Ер-ағаң кейін екі газетте Әмір екеуімізді тікелей басқарды. Жақсылығын көп көрдік. 2018 жылы қаңтардың басында 70 жасқа толды. Тың. Тек достары арнайы мақала жазуды тапсырғанда тағы қолымыз жүрмей қалды. Ол кісі де өміріміздің бір бөлшегі. Өзің туралы жазуға тиіс екенсің. Әрі бір жазсаң қайтып оралмастай көресің. Қиын.

Хош. «Лениншіл жастың» тойы табиғат аясында өтті. Дастарқаннан соң түрлі спорттық жарыс басталды. Әмір екеуміз өз тілшілердің командасында бірге футбол ойнадық. Жеңімпаз болмасақ керек. Бөлім тілшілерінің, секретариат мамандарының аяқтары ұзын, күштері көп еді. Бір мезет редакция қызметкерлері балаларының арасында жарыс басталды. Біздің Айбар атты ұлымыз бірге енді толмақ. Сол тұста теледидарда ағаш қуыршақтарды жоғарыдан жіп ұстап билететін өнерді жиі көрсететін. Айбардың қолтығынан көтеріп, музыка ойнатсаң сол ағаш қуыршақтың қимылын қайталайтын. Қол-аяғын ербеңдеткеннен басқа ауызды ашып-жұмып аудармай салатын. Оны өз арамызда «патя-патя» дейтінбіз. Иә, балалар жүгіріп жарысты, тақпақ, ән айтып, би билеп өнер керсетті. Ең соңында Айбарды сахнаға алып шықтық. «Патя-патя» музыкасын жіберіп, баланы қолтығынан көтеріп едік, ел күлкіден қырылып қалды.  Бірінші орын бізге тиді.

Сонда Әмір досымыз:

— Не тілі, не аяғы шықпаған ұлына бірінші орынды алып берген бұл Қайнардың тапқырлығын қойсаңшы, — деп күлетін.

Тоқсаныншы жылдары тағы тоғыстық. Енді «Егемен Қазақстан» газетінде. Біз бөлім меңгерушісіміз. Алдымен ақпарат бөлімін басқардық. Әмір — осы газеттің Ақтөбе облысындағы тілшісі. Суыт хабарлары, шағын мақалалары күнделікті алдымыздан өтетін. Сосын бірде Алматыдағы үлкен жиналысқа келді. Республика сарайына бірге бардық. Жариялылық желі жеткен. Біздің елдегі ядролық полигонның, оның ауылы жақтағы Байқоңыр ғарыш айлағының бар сыры ашылған. Екеуміз Сарай ішінде оны-мұныны айтып отырғанбыз. Жиналыс басталмаған. Кенет екі-үш жұмысшы кабельге жалғанған әлдебір аппаратты алып, әрі-бері жүрді. Әр жерге қойып көрді.

— Мыналары несі? — деп сұрады Әмір.

Қанша дегенмен білетініміз көп астаналықпыз ғой:

— Дозиметр! — дедік. Досымыз күлгенде орындығынан құлап түсе жаздады.

Ол кезде жазған мақалалары көп. Зерттеушілер іздеп, саралай жатар. Бір білетініміз: Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туралы жүйелі жазды. Кітап етіп шығарды. Жас журналистер ізденуді, дерек табу мен оны сөйлетуді сол кітаптан үйренсе болар. Журналист және кітап демекші, студент кезінде Әмірдің өзі Әзілхан Нұршайықовтың «Автопортрет» атты кітабын сатып алып, жастанып оқып жүрді. Кейін қарасақ біздің Әмір мен Әзілхан ағамыздың арасында ұқсастық көп екен. Екеуінің де делдиген танауларынан басқа. Олар: дерекке мұқият болу; тақырыпқа табандылық таныту; кейіпкердің атынан еш өтірік қоспау; әсіре сөйлетпеу, тағы басқалары. Қыл-аяғы жеке тірліктерінде ұқсастық жетерлік. Отбасыға адалдық. Қарапайым өмір сүру. Әзілхан ағасынан тәлім алуға осы «Автопортрет» кітабы да ықпал етсе керек.

«Егемен Қазақстан» газетінен кейін Әмір облыстық газеттерді басқаруға өсті. Біз әр нәрсенің басын шалып жүріп, телевизиядан тұрақ таптық. Өмірінің ол кезеңін сипаттай алмаймыз. Облыстағы әріптестері жазған шығар, жазатын да болар. Жұбанов атындағы университетте сабақ берген тұсын да салмақтауды ғылыми ортасына қалдырдық.

Тек Ақтөбеде жолыққанымызды айта кетелік. Біз корпорациямыздың облыстағы филиалы қызметкерлерін оқытып-үйретуге барғанбыз. Қасымызда режиссерлерге, операторларға шеберлік сабағын беретін мамандар бар. Досымыздың қолқалауымен екі сағаттық уақыт тауып оның студенттерінің алдында дәріс оқуға бардық. Осы әрекетіміз екі жаққа да ұнаса керек.

Бірде Алматыға келгенде іздеп тапты. Елден әкелген сыбағасы бар. Соңғы кездесуіміз осы екен.

— Қайдан жүрсің?

— Қорғамақпын!

— Ғылыми атақ па?

— Иә.

Сосын аздап сырқаттанып жүргенін айтты.

— Емделсеңші, — дедік. Студенттік кезден дертін білетін едік.

— Үйреніскен жау ғой, — деді досымыз.

Қорғайтын күнін айтты. Шақырды. Әлгі не деп аталатын еді, брошюрасын берді. Телевизияда бітпейтін тірлік көп. Қара басып Әмірдің қорғайтын күнін ұмытып кетіппіз. Онда уайымдамағанбыз. Досымыз өзіміздікі. Алда өмір бар, әлі талай кездесерміз, сонда құттықтармыз дегенбіз. Қайда!?

Өзінің меншікті тілшілік саладағы ағасы, тәлімгері туралы мақаласында мынадай жолдар бар: «…Әбді­қани Аймағамбетов жайында, оның туындылары туралы өзінің көзі тірісінде жазсақ қайтер еді. Бейқамдықтан арыла алмай келе­міз, алдағы күндерге үміт артып, алда да талай өмір бар ғой, өмір атты ұзын жолда бір-бірімізден адаса қоймаспыз, игі тілек, жылы лебіз, жақсы сөз айтыла жатар деп, арқамызды кеңге салып жү­реміз…» Тура соның кері келді.

Кешікпей қатар ұшқан құсымызға ажал оғы тигенін естідік. Оған да он жыл.

Қайнар Олжай

Астана.

(Материал «Ақтөбе» газетінен алынды)

Пікір қалдырыңыз