Ақтөбеде баспаналы болған 65 жастағы қария үй кезегінде тұрғандарды сабырлы болуға шақырды

Ақтөбеде баспаналы болған 65 жастағы қария үй кезегінде тұрғандарды сабырлы болуға шақырды

Бүгін Ақтөбеде көпбалалы отбасылар, жетім балалар жəне мүгедектер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пəтер алды. «Нұр Ақтөбе» ауданындағы тоғыз қабатты алты үйден 1374 отбасыға пəтер кілті берілді. Ешқандай қаржы жинамай, айына 4 мың теңге төлеп тұратын жалдамалы баспана алғандардың қуанышында шек жоқ.

«Біз Маңғыстау облысынан 2002 жылы көшіп келдік. Балаларым осында оқуға келгеннен кейін соларға еріп келдім. 2006 жылы мен көпбалалы ана ретінде үй кезегіне тұрдым. Күткеніме 12 жыл болды. Кезекте тұрған адамдарға сабырлық керек. Үйім ұнады. Халыққа жасалған көмек үшін алғысым шексіз», — дейді 65 жастағы Миуа Сүйінова.

Маңғыстау облысынан көшіп келген қария облыс əкімін жаңа баспанасына шақырып, бауырсақ пен ақтан ауыз тигізді.

«Бұл үйлер кезекте тұрған əлеуметтік қолдауды қажет ететін, мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын азаматтарға беріледі. Əрине, үйді көбірек салып, көбірек беруге болады. Бірақ мүмкіндік осылай болып жатыр. Қазіргі уақытта 22 мыңға жуық ақтөбелік баспана кезегінде тұр. Əлеуметтік үйлерді салуды жалғастырамыз. Жылына кем дегенде 4-5 үй салатын болсақ көп адамның арманы орындалады. Баспаналарыңыз қуанышқа толсын», — деді Бердібек Сапарбаев.

Пікір қалдырыңыз