Сапарбаев жер қойнауын пайдаланушыларға ескерту жасады


Міндеттемелерді орындамай отырған компаниялармен келісімшарт бұзылады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Бүгін, 7 ақпан күні облыстық әкімдікте жер қазба байлықтарын өндіріп отырған компания өкілдеріне ескерту айтылды. Облыс әкімі жұмысшыларға жалақыны өсірмей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ақша құймаған компаниялармен келісімшарт бұзылатындығын мәлімдеді.

«Келісімшарттардың барлығы осы жылдың алғашқы ширегінде орындалуы тиіс. Келісімшарттарды бұзу жөнінде Энергетика және Инвестиция министрліктерінің басшыларынан бізді қолдауларын сұраймын. Әсіресе, қаржылық міндеттемелер, инвестиция, әлеуметтік төлемдер мен жалақы мәселелері шешілуі тиіс», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Оның сөзінше, облыста жер қойнауын пайдаланушы 12 компания жұмысшыларына жалақыны әлі өсірмеген. Бердібек Сапарбаев жұмысшылардың айлығын кемінде 10 пайызға көбейтуді талап етіп отыр.

ҚР Бірінші энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, былтыр жер қойнауын пайдаланушылар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына 2,3 млрд. теңгенің орнына 1,7 млрд. теңге жұмсаған. Яғни жоспар тек 73 пайызға орындалған. Кадрларды оқыту бойынша қарыз көбейген. Атап айтқанда, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Аманмұнай» ЖШС, «Арал Петролеум», «Манаж» ЖШС қарыздар болып қалған.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз