Өзім қарақалпақ болсам да төрт қазақты әкелдім – Ақтөбеде тұратын оралман

Өзім қарақалпақ болсам да төрт қазақты әкелдім – Ақтөбеде тұратын оралман

Ақтөбеге 8 жыл бұрын келген Рысгүл Өтегенова азаматтық алмаған, қолында төлқұжаты жоқ. Зейнетке шыға алмай отырған қария кімнен көмек сұрарын білмей отыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Рысгүл Өтегенова Ақтөбеге төрт баласымен келді. Оралмандарға берілетін арнайы квотаны алды, бірақ төлқұжатын рәсімдеген жоқ. Балалары қазақ, ал өзі қарақалпақ болған соң «бес жылдан кейін Қазақстан азаматы болып, құжат ауыстыруға болады» деген мамандар сөзіне сеніп, жүре берген.

«Өзбекстан мен Қазақстанда заң өзгеріп, мен екі ортада қалдым. Шекарадан шыға алмаймын, кері қайтуыма тура келді. Қолымдағы құжаттардың құны жоқ, құр қағаз болып қалды. Өзім қарақалпақ болсам да төрт қазақты әкеліп отырмын ғой. Маған төлқұжат беруге болатын шығар. Бұған дейін жұмыс істеген жоқпын, құжаттарым дұрыс болмады. Денсаулығым жақсы болған соң ауруханаға да қаралмадым», — деді Рысгүл Өтегенова.

Кәрімбаевтар отбасында төрт бала Ақтөбеде көшіп келді. Қазақ азаматтары келген кезде арнайы квота алып, оралман куәлігін, төлқұжатты иеленді. Ал аналары екі елдің арасында қалып отыр.

«Әкеміз қазақ азаматы болды. Қайтыс болған соң біз Қазақстанға оралдық. Көшіп келген кезде төрт бала азаматтық алды. Ал анам қарақалпақ азаматы болған соң құжатсыз қалды. Сол аралықта уақыт өтіп, қиындыққа тап болдық. Ашуланған кезде анам Өзбекстанға кетемін деп айтады. Ал балаларының бәрі Ақтөбеде»,- деді Есен Кәрімбаев.

Ақтөбе облыстық ІІД көші-қон басқармасы оған ықтиярхат алуға кеңес берді.

«Рысгүл Өтегенова – Өзбекстан азаматшасы. 2010 жылы Қазақстан аумағынан көшіп, оралман болып тіркелді. Қазіргі кезде оның қолында ескі үлгідегі төлқұжат бар. Соған байланысты Алматы қаласындағы Өзбекстан елшілігіне құжаттарды жолдау керек. Өзбекстанның жаңа үлгідегі төлқұжатын алып, Қазақстанда тұрақты тұруға арналған ықтиярхат иеленуге мүмкіндігі бар. Азаматтық алу үшін де ықтиярхат керек», — деді ІІД көші-қон басқармасының инспекторы Әйгерім Қартова.

Пікір қалдырыңыз