Ақтөбе қаласының бюджеттік мекемелері 600-ден астам бос жұмыс орнын жасырып отырған

Ақтөбе қаласының бюджеттік мекемелері 600-ден астам бос жұмыс орнын жасырып отырған

Мекемелер бос жұмыс орны туралы жұмыспен қамту орталығына хабарламай, заңды бұзып отыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Қайрат Отаров облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың алдында есеп берді. Оның айтуынша, Ақтөбе облысында тұрақты жұмысқа орналасу көрсеткіші өте төмен.

«2017 жылы 18 464 адам жұмысқа орналастырылды. Соның 2 889-ы ғана тұрақты жұмысқа кірді. Бұл облыс бойынша 70 пайызды құрап отыр. Бірақ осы облыстық көрсеткіштен де төмен нәтижеге тап болған аудандар да бар. Қобда ауданында — 51 пайыз, Әйтеке би ауданында —59 пайыз, Ақтөбе қаласында — 62, Ойыл ауданында — 65, Мәртөк ауданында —59 пайыз», — деді статистикалық мәліметтерді келтірген Қайрат Отаров.

Оның айтуынша, көптеген мекемелер бос жұмыс орындарын жұмыспен қамту орталығынан жасырып қалады. Сондықтан тұрақты жұмыс саны да аз болып тұр.

«Мәселен, Ақтөбе қаласын алайық. Жұмыспен қамту заңына сәйкес, жұмыс беруші үш күннің ішінде бос жұмыс орны туралы орталыққа хабарлауы керек. Дегенмен, бұл заң орындалмайды. Ақтөбе қаласындағы тек бюджеттік мекемелерді зерттеп көрдік. 58 бюджеттік мекемелер өздерінің бос жұмыс орындары жайлы айтпаған. Сонда тағы 614 адам тұрақты жұмысқа орналаса алатын еді», — деді Қайрат Отаров.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz

фото: vestifinance.ru

Пікір қалдырыңыз