Италия жəне Əзербайжан компаниялары «Ақтөбе-Атырау» тас жолын салатын болды

«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» халықаралық тас жолына жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер компаниялар анықталды. Келісімшарт бойынша «Тодини Конструциони Дженерали С.п.А.» атты итальяндық жəне «СПИК Аккорд» əзербайжандық компания құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер компания ретінде аталды.

«»Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» республикалық маңызы бар автомобиль жолының ұзындығы 156 шақырымнан аса бөлігіне құрылыс жұмыстарын жасау биыл басталады. Жұмысты жүзеге асыру мерзімі 2018-2020 жылдар аралығы деп жоспарлап отырмыз. Жолдың жүріс бөлігін 9 метрге дейін кеңейту жоспарланған», — деді облыстық жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев.

Басшы халықаралық транзитті дəлізді қалпына келтіру арқылы Қазақстан, Қытай, Ресей жəне Батыс Еуропа елдері арасындағы тауар жəне жолаушылар тасымалын ықпал етуде сапаны арттыруға көп мүмкіндіктер болатынын атады.

Ұзындығы 500 шақырым болатын «Ақтөбе-Атырау» учаскесі Ақтөбеден Атырау жəне Маңғыстауға, Ресейге, Орта Азия елдеріне бағыттарды жалғайтын болады. Сонымен қатар, қолға алынғалы тұрған жол жөндеу жұмыстарында 2000 адамның жұмыспен қамтылатыны айтылды.

«Қызылорда-Ақтөбе-Орынбор» жəне «Ақтөбе-Орал-Самара» автомобиль жолының учаскелерінде Интелектуалдық транспорттық жүйе элементтері мен ақы төлеу жүйесі қондырғылары бойынша жобалау-сметалық құжаттамаларын аяқтаймыз. Осы жобаны жүзеге асыруды 2019 жылға жоспарлап отырмыз», — деді Аязбай Османғалиев.

Ақтөбедегі республикалық тасжолдың 56 пайызы жақсы сақталған. Ал облыстық маңызы бар жолдың 65 пайызы, аудандық маңызы бар жолдың 16 пайызы жарамды. Жыл өткен сайын жол жөндеуге бөлінетін қаржы көлемі артып келеді.

Пікір қалдырыңыз