Ақтөбелік ардагерлер мектеп оқушыларының орамал дауына араласады

Ақтөбелік ардагерлер мектеп оқушыларының орамал дауына араласады

Ақтөбелік ардагерлер мектептерді аралап, орамал тартып жүрген оқушылардың ата-аналарымен кездесуге шығады. Мұғалімдерге көмек көрсету үшін дін басқармасының мамандарын да қосу ұсынылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде оқушылар мектепке ортақ формамен келуі үшін жан-жақты жұмыс істеліп жатыр. Күн сайын түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Ақтөбе облыстық білім басқармасы да 100-ден астам оқушының орамал шешіп, мектеп формасын кигенін хабарлады. Енді бұл іске ардагерлер де араласады.

«Оқушылардың орамал тартуы тек мұғалімдердің емес, дін басқармасының да жұмысы. Аудан басшылары, ата-ана мектеппен бірігіп жұмыс істесе, мәселе шешіледі. Қазіргі кезде Ақтөбе қаласында 60 оқушы орамалын шешіп, мектепке барды. Біз, ардагерлер, бірігіп жұмыс істейік. Ардагерлер бірігіп, ұрпақ тәрбиесіне араласуы керек. Заң қажет екенін айтады. Заң қабылдануы үшін де жұмыс істеген дұрыс», — ақтөбелік ардагер Келдібай Еспағамбет.

Бұл ұсынысты өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қолдап, орынбасары Ербол Нұрғалиевке жұмыс тобының құрамына дін басқармасының мамандарын қосуды тапсырды.

«Мектеп оқушыларының киіміне қатысты ата-аналармен кездесуде дін басқармасының мамандарын қосу керек. Біз неғұрлым көп кездесіп, түсіндіріп айтсақ, нәтиже басқа болады. Директорлар қарапайым тілмен ата-анаға жеткізу керек. Тәртіп, құжат, ортақ заңдылық туралы айтуы тиіс. Балалардың бәрі бірдей болуы керек. Оқушы замандастарымен қатар жүргені дұрыс», — деді Б.Сапарбаев.

Пікір қалдырыңыз