Ақтөбеде санаулы күн бұрын оқушы қаза болған көшеде жерасты жол салынады


Ақтөбелік Естай Жайлыбай таяуда мектеп оқушысы қаза болған Шығанақ Берсиев көшесіне жерасты жолын салуды ұсынды. Ойлы-қырлы көшеде үнемі жүргінші зардап шегеді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде қауіпсіздігі жоғары көшеде жерасты жолын салу жұмысы жүріп жатыр. Әбілқайыр хан, Әлия Молдағұлова, 312 атқыштар дивизиясы даңғылдарының қатарына Шығанақ Берсиев көшесі де қосылуы мүмкін. Себебі, таяуда бұл көшеде жол апаты болып, жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан оқушы қаза тапты.

«Некрасов пен Шығанақ Берсиев көшесі бар. Берсиев көшесінде қыр бар. Әрі бұл жерде №8 орта мектеп орналасқан. МАңында қайта-қайта жол апаты болады. Кеңес Одағынан бері солай. Соңында 5 класс оқушысының өлімімен аяқталды. Осы мәселені жиі көтеріп, айттым. Зерттеп, зерделеп, жерасты жолын салса деген ұсынысым бар. Облыстың, қаланың қаржысы жерасты жолын салуға жетеді. Ақша баланың өмірінен артық емес», — деді Естай Жайлыбай.

Бұл ұсынысты өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қолдап, қала әкімі Ілияс Испановқа тапсырма берді.

«Тапсырманы қала әкімі Ілияс Испановқа беремін. Шын мәнінде сол көшеге жерасты жолын салу керек шығар. Ілияс Сапарбекұлы, ұсыныс күтемін», — деді Бердібек Сапарбаев.

Көрнекі фото: Sputnik Казахстан

Пікір қалдырыңыз