20 жылдың ішінде Ақтөбе облысының мұнайлы ауданында қой саны екі есе азайған

Бұл туралы Темір ауданының әкімі Асқар Жүсібалиевтің халықпен есептік кездесуіне қатысқан өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген Асқар Жүсібалиев 2017 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс өсімі 3 % құрап, барлығы 165, 9 млрд. теңгенің өнімі өндірілгенін мәлімдеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3 есеге артып, 27,2 млрд. теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы 13, 8 млрд. тенгенің өнімін өндіріп, 5 % өскен.

Есептік кезеңде 746 жаңа жұмыс орындары ашылды, жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 103 % құрады. Ауданның 11 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жалпы, аудан халқы орталықтандырылған ауыз сумен 86 %-ға, көгілдір отынмен 83 %-ға, жарықпен 100 %-ға қамтылған.

Есеп беруден соң Темір ауданының тұрғындары жолды жөндеу, елді мекендерді газдандыру, спорттық және білім беру нысандарын салу, жаңа автобус қатынасын ашуға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев осындай кездесулердің облыс аудандарындағы мәселелерді жылдам шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес, халықпен есептік кездесулерді барлық деңгейдегі әкімдер өткізіп жатыр. Сіздердің осындай кездесулер кезінде айтқан сұрақтарыңыз бен өтініштеріңіз бізге жұмыстағы кемшіліктерді жоюға көмектеседі, сіздердің өтініштеріңізді талдау жергілікті билік тарапынан аймақтағы бағдарламаларды және жобаларды жаңартуға мүмкіндік береді », — деді Б.Сапарбаев.

Облыс басшылығы аудан дамуының негізгі келешегін мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуымен, экономикалық өсіммен және кәсіпкерліктің, сонымен қатар, ауылшаруашылығының тұрақты дамуымен байланыстырады.

«Жиырма жыл бұрын Темір ауданы егін және мал шаруашылықтары дамыған мықты ауылшаруашылық аудандарының бірі болды. өкінішке қарай, бүгінде мұнда қолда бар суармалы жерлердің жартысы ғана пайдаланылады, ал қой саны екі есе азайған. Бұл әрине, аудан аумағындағы мұнай кәсіпшілігінің дамуымен байланысты. Алайда, тек мұнай мен газға ғана сеніп отыруға болмайды. Елбасы экономиканы әртараптандыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту міндетін қойды, Темір ауданында оларды іске асыру мәселесіне ерекше назар аудару керек»,-деді шаруаларды ауылшаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламаларына белсенді қатысуға шақырған Бердібек Сапарбаев.

Бұдан өзге, кездесуді қортындылаған облыс әкімі Темір ауданының тұрғындарын дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы тұру және алдын алуға белсенді қатысып, сондай-ақ, 2018 жылы Ақтөбе облысында балаларға білім беру, мәдениет, шығармашылық, спорт, интеллектуалдық тәрбие беру мен дамытуға бағытталған «Бақытты балалық шақ» жобасын жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.

Бұдан бұрын өңір басшысы Мәртөк, Әйтеке би, Қарғалы, Қобда аудандары мен Ақтөбе қаласы әкімдерінің есептік кездесулеріне қатысты.

Пікір қалдырыңыз