«Төрт ағайынды» ісі: Сотта мұнай ұрлығына қатысты эпизод қарала бастады

Ақтөбедегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар бастаған қылмыстық топқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта бір айға созылған «ТазаДалаКом» ЖШС-ін рейдерлік жолмен таптып алу эпизоды аяқталып, мұнай ұрлығына қатысты іс тыңдала бастады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Бүгін мұнай ұрлығына қатысты эпизодтың алғашқысы қарала бастады. Кен орындарының әрқайсысына бір-бір эпизодтан қарастырылған. Барлығы төрт эпизод бар. Сот отырысы кезінде «Ащыкөл» кен орындағы мұнай ұрлығына қатысты «Сағыз Петролеум» ЖШС өкілі жәбірленуші тарап ретінде қатысты. Шығын көлемі – 30 миллион теңге.

«Құқық қорғаушылар тексеріп, бізге нәтижесін берді. Сотқа жолдаған органнан сұраңыз. Мен жауап бере алмаймын. Тіпті келтірілген шығын туралы да айта алмаймын. Ұрланған мұнай көлемі мен шығын туралы тергеушіден білдім», — деді «Сағыз Петролеум» ЖШС-нің өкілі Мейірбек Мамбетов.

Сот отырысы кезінде шикі мұнай өндіру, өңдеу, тауарлы мұнайды дайындау жолдары сұралды. Су, топырақтан айыру жолдары белгілі болды.

«Шикі мұнайды алдық, бірақ тауарлы мұнай бізде болмады», — сотталушы Саясат Жүсіпов

Айта кетейік, сот отырысы кезінде сотталушы Еркін Ізбасар «Сағыз Петролеум» ЖШС өкілінен далада ағып жатқан мұнай туралы сұрады. Бірақ компания өкілі мұндай кен орындары болмағанын, бәрі бақылауда екенін жеткізді.

Пікір қалдырыңыз