Ақтөбенің Сазды ауылында үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов Сазды ауылдық округінде есеп берді. Бұл ауылда өткен жылы мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымды білім беру мәселесі шешімін тапты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Әдетте есеп беру кездесуі мәдениет үйіне жоспарланатын. Бұл жолы ауыл тұрғындары жаңа мектептің мәжіліс залында басқосты. 2017 жылы пайдалануға берілген Шәкәрім Құдайберді атындағы № 66 орта мектеп 600 орынға шақталған. Бұл мектеп іске қосылған кезде үш ауысымда білім беру мәселесі жойылды. Селолық округте барлығы 67 бала мектепке тегін тасымалданады. Ауылда балабақша мәселесі де шешімін табады.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында биыл «Бауырластар» тұрғын үй массивінде 180 орынға 2 мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарланып отыр. Екі нысанның құрылысы өткен жылы басталды. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Сазды орта мектебі аумағындағы футбол алаңын жарақтандыру жұмыстары жүргізілді. Workout алаңы жасалды. Сондай-ақ № 66 орта мектеп аумағында футбол сабақтары өткізіледі. Сабақтар кезінде «Ақтөбе» ФК ойыншылары жаттықтырады», — деді Сазды ауылдық округінің әкімі Аслан Мұханбетов.

Сазды селолық округіндегі ауыл шаруашылығы құрылымдарына өткен жылы «Ырыс», «Береке» мемлекеттік бағдарламалары арқылы 36,5 млн теңге несие берілді. Қаржыға 175 бас мүйізді ірі қара сатып алынды. Ал, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы 8 адам жұмысқа орналастырылды.

Ақтөбе қаласындағы жұмыстарға тоқталған Ілияс Испанов жолдағы қауіпсіздікті қамтамасы ету үшін жерасты өткелдері салынатынын жеткізді. Жерасты жолы «Ақтөбе ажары» тұрғын үй кешені маңында, «ДСК» аялдамасы мен автовокзалда болады. Есеп беру кездесуі кезінде тұрғындар өз сауалдарын қойып, көбі әлеуметтік нысандарды салып басшылар үшін алғысын білдірді. Ал кезекті кездесу ертең сағат 15:00-де Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өтеді.

Соңғы кездесу Тахауи Ахтанов атындағы драма театрда 12 ақпан күні болады.

Көрнекі фото: Kapital.kz

Пікір қалдырыңыз