Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен отбасы пәтер жалдауға мәжбүр болды

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен отбасы пәтер жалдауға мәжбүр болды

Ақтөбедегі су тасқынынан зардап шеккендердің бірі Саодатхан Мырзабаева отбасымен пәтер жалдады. Ол сыз басқан, ызғар үйде тұру мүмкін болмаған соң шұғыл шешім қабылдаған, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы «Ақтөбестрой» бау-бақша ұжымында тұратын Саодатхан Мырзабаеваның үйі өткен жылы көктемде суға кеткен болатын. Кейін мектепке, жалдамалы пәтерде тұрып, жазда баспанасына қайта оралды. «Қолқанат Ақтөбе» қорынан 300 мың теңге алып, үйдің ішін жөндеді. Бірақ үй ішіндегі сыз бен ылғал кетпеді.

«Жаз бойы үйдің жанындағы күркеде тұрып, үйіміздің ішін кептірген болатынбыз. Сөйтіп күз келе есік, терезесін салып, қайта қалпына келтірдік. Бірақ сыз кетпеді. Жертөле ішінде қысқа сақтаған азығымыз сырты көктеп кетті. Балаларымыз жиі ауырып, жедел жәрдем қызметіне жиі жүгіне бастадық. Сондықтан үйімізді тастап, қаладан пәтер жалдап жүрміз. Бізге ауылдық округке қарасты Белогор ауылынан жер ұсынды. Ол жер қалаға тым алыс, жұмыс жоқ. Ал балам спортпен шұғылданады. Шетелге жиі шығып жүрген ұлымның бағын байлағым келмейді», — деді Саодатхан Мырзабаева. Ол әкімдік ұсынған ауылды көруге барып, тұрғындармен танысқан. Автобус өте сирек жүреді, қалаға уақытылы жету мүмкін емес.

Көпбалалы отбасының отағасы Серік Өтегенов нан комбинатында жұмыс істейді. Қосымша табыс табуға да шығады. Қазіргі кезде отбасыдағы екі бала мектепке барады. Саодатхан Мырзабаева екі баламен үйде отыр. Отбасы қай уақытқа дейін көшіп, пана іздеп жүрерін білмейді. Олар күн жылынғанда қайта бау-бақшадағы баспаналарына оралады.

Пікір қалдырыңыз