Ақтөбедегі жылыжайда өсірілетін қызанақтың 70 пайызы экспортқа шығарылмақ

Ақтөбеге Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев екі күндік жұмыс сапарымен келді. Бердібек Сапарбаев  оны қызанақ өсіретін жылыжайға апарды.

Өмірзақ Шөкеев жоғары технологиядағы мұндай жылыжайды бұрын-соңды көрмегенін айтты.

«Мен мұндай жылыжайды бірінші рет көріп тұрмын. Облыстың қажеттілігін толықтай өтеп тұрған болар?! Алдағы уақытта жылыжай ауқымын кеңейтіп, Қазақстанды толық қамтуды жоспарлау керек», — деді Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев.

«ГринХаус Қазақстан» жылыжайында қызанақтың үш түрі өсіріледі. Мамандар министрге өнімнің 70 пайызы экспортталатынын айтты. Қуаттылығы жылына – 6 мың тонна. Кәсіпкерлер шаршы метрінен 80 келіге дейін қызанақ алады. Жылыжай агрономын Голландиядан алдырған.

«Жылыжайдың георафиялық орны да тиімді. Басқа облыстармен қатар, көрші елге де өнімді жоғары сақтау технологиясымен жеткізіп отырмыз. Өнімнің табиғи түрінде сақталуына көп көңіл бөлеміз. Ресей бізден мың жарым шақырым қашықтықта жатыр. Ондағы нарық та бізге өте ыңғайлы, ол жақтағы сұраныс та жоғары. Тығыз байланыс жасап үлгердік. Біз жылыжай аумағын 100 гектарға жеткізгіміз келеді. Қазір тағы 40 гектар жер алынды. Алдағы уақытта 20 гектар жылыжай салынады», — деді «ГринХаус Қазақстан» жылыжайының директоры Мүслім Бектеров.

Пікір қалдырыңыз