Бір топ ақтөбелік «Аппорт» жобасының жетекшісі Қуаныш Жақсыбаевты абақтыдан босатуды сұрады

Ақтөбеде бір топ адам уақытша ұстау изоляторында отырған «Unnity Corporation» ЖШС директоры Қуаныш Жақсыбаевты босатуды сұрады. Ол Қылмыстық кодекстің «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабы бойынша күдікке ілікті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеліктер бүгін өздерінің кеңсесіне жиналып, «Unnity Corporation» ЖШС директоры Қуаныш Жақсыбаев атқарған істің ІТ технологияны дамытуға арналғанын тағы бір мәрте дәлелдемек болды. Олар бұл салаға 35-70 мың теңге аралығында қаржы салған. Және әрқайсысы өздерінің соңынан 2-3 адам алып келген. Әрі жиналғандардың қолында Қуаныш Жақсыбаевқа ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Жас кәсіпкерлер форумына қатысқаны үшін берілген сертификат бар. Қолдауға жобаның табысына сенгендер мен серіктестер жиналды.

«Қазақша айтқанда халықтың көмегімен, асарлатып, жоба іске қосылды. Цифрлық Қазақстанды дамытуға арналған жоба неге қаржы пирамидасына теңестірілгенін білмейміз. Ақтөбенің жас кәсіпкері Қуаныш Жақсыбаев ел дамуына үлес қосуды қалады. Телефонға арналған арнайы қосымша жарнама орны болды. Ол жерде сату, сатып алу жүргізілді. Кәсіпкерлер үшін тиімді еді. Өкінішке қарай, 2017 жылдың тамызында Қылмыстық кодекстің «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабымен қамалды. Ол қала әкімі Ілияс Испанов қатысқан жас кәсіпкерлер форумына қатысып, «Аппорт» жобасын таныстырды. Арнайы сертификат та алды», — деді серіктесі Әлия Рахманова.

Оның айтуынша, кәсіпкер асар әдісіне қаржы тапшылығынан пайдаланған. Қамауда отырған кәсіпкер жобасын ұсынып «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына барғанымен бағдарламада ІТ технологияны іске асыратын бағыттары қарастырылмаған.

«Қуаныш Жақсыбаевтың идеясын қарапайым халық қолдады. Сондықтан оған бостандық сұраймыз»,— деді Әлия Рахманова.

Қолдаушылар арасында зейнеткерлер көп. Олардың кейбірі қаржы салып, өздерінің жанына бірнеше адамды осы жобаны қолдауға әкелген.

«Ол шетелден үйреніп келген әдісін Ақтөбеге енгізуді қалаған. Аз салдым, көп салдым, бәрі өзімнің қаржым. Немерелерімнің атынан да салдым. Мен осы идеяға сендім, әлі де сенемін. Патриотпын, салған ақшам күйді, ақшам далаға кетеді деп есептемеймін. Ақтөбені, елді көркейтуді қалаймын», — деді зейнеткер Айсара Айтуғанова. Зейнеткердің айтуынша, қаржының 90 пайызы халыққа қайтарылып отырған.

Айта кетейік, «Unnity Corporation» ЖШС-нің 40 мыңнан астам серіктесі бар. Оның 30 пайызы кәсіпкер. Серіктесі Самат Нұрбаевтың айтуынша, қазіргі кезде 100 кәсіпкер өз бизнесін тіркеп, ресми түрде жұмыс істеп жатыр. Бүгін кеңесеге арнайы жиналған топ Бас прокуратура, ІІМ, Қаржы министрлігіне арыз дайындап қойды.

One thought on “Бір топ ақтөбелік «Аппорт» жобасының жетекшісі Қуаныш Жақсыбаевты абақтыдан босатуды сұрады

  • 30.01.2018 at 14:46
    Permalink

    Біріңді қазақ бірің дос көрмесең істің бәрі бос Қуаныш бауырымызды қолдайық

    Reply

Пікір қалдырыңыз