Ақтөбеде жұмыссыз жүрген əйелдердің еңбекке араласуына басымдық беріледі

Ақтөбе қаласында жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыруға 700 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биыл əйелдерді жұмыспен қамтуға басымдық беріледі, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Биыл Ақтөбе қаласында 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарда бар. Жұмыспен қамту бағдарламалары аясында 1 мыңнан астам адам қысқамерзімді курстарға жіберіледі. Олар үш айда мамандық игеріп шығады.

«Биыл 141 адамға шағын несие беріледі. Қала жəне ауылдық округ тұрғындары үшін 18 миллион теңгеге дейін ақша беру қарастырылған. Бірақ кепілге қоятын мүлік құны да соған сай болуы тиіс. Ал əлеуметтік жұмыс орнына 150 адам жіберіледі. Жастар тəжірибесіне 800 адам бағытталады. Қоғамдық жұмысқа 500 адам барады», — деді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйлə Бөртебаева.

Несие көбіне мал шаруашылығын дамытуға, жылыжай салуға беріліп жатыр. Сонымен қатар қыз-келіншектер үйде отырып көрпе тігеді, қыз жасауын дайындайды. Наубайхана бизнесін де дамытып отырғандар бар.

«Биылдан бастап əйелдерге көп көңіл бөлеміз. Шаштараз, массаж, қол күтімінің курстарында оқитындар көп. Ал ер адамдарға құрылысшы, дəнекерлеуші, монтаждаушы мамандықтары бар. Биыл барлығы 700 миллион теңге қарастырылған», — деді Нейлə Бөртебаева.

Айта кетейік, биыл атаулы əлеуметтік көмек жаңа форматқа көшті. Егер көмек алатын адамдар ұсынылған жұмысқа бармаса, көмек ала алмайды. Ал мүгедек баласы бар, баласы 7 жасқа толмаған, күтімді қажет ететін қарияларды бағып отырған адамдарға шартсыз ақшалай көмек беріледі.

фото: 24.kz

Пікір қалдырыңыз