Назарбаевтың АҚШ-қа сапары ұзақмерзімді қарым-қатынастың алғашқы қадамы — америкалық сарапшы

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапары Қазақстан-АҚШ арасындағы ұзаққа созылатын қарым-қатынастың алғашқы қадам болды. Мұндай пікірді «Мұра» қоры Сыртқы саясат орталығының директоры Люк Коффи білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақ үйде Дональд Трамппен өткізген кездесуіне көңілім толды. Трамптың ел басқарғанына бір жыл уақыт толмастан осындай кездесу өткізуі Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Қазақстан — АҚШ-тың Орталық Азиядағы маңызды серіктесі. Бізге ортақ сын-қатерлер өте мол, сонымен қатар ортақ мүмкіндіктеріміз де жетерлік. Бұл сапар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ұзаққа созылатын қарым-қатынастың алғашқы қадамы болады деп үміттенемін», — деді ол.

Оның айтуынша, екі ел арасындағы байланыстардың мүмкіншіліктері көп. Мәселен, Қазақстан Президентінің сапары аясында екі елдің арасында жалпы сомасы 7 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам келісімге қол қойылды.

«Бұл — өте жақсы жаңалық. Әсіресе, энергетика саласына Қазақстан мен АҚШ тарапының қызығушылығы ерекше. Сондай-ақ, бұл келісімшарттар Қазақстанның мұнайы мен газын жаңа нарыққа шығарып, экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, АҚШ-тың Еуропадағы одақтастарына энергетиканың жаңа көздерін ашуына жағдай жасап, екі ел арасында қауіпсіздік мәселесіндегі серіктестікті нығайта түседі», — деді орталық басшысы.

Люк Коффидің пайымынша, екі елдің Ауғанстан проблемасын шешуге де күш біріктіруге мүмкіншіліктері бар. Қазақстан өңірдегі көшбасшы мемлекет ретінде Ауғанстандағы экономикалық және қауіпсіздік мәселелерінде тұрақтылық қалыптастыруға көмек бере алады.
«Жалпы, Қазақстан кейінгі кездері көптеген дипломатиялық бастамалар көтеріп жүргені мәлім. Және де бұл ‒ өте дұрыс. Мысал ретінде Сирия жанжалын реттеу жөніндегі Астана процесін айтуға болады. Ол біз күткенімізден де жоғары табысты болды», — деді Люк Коффи.
Сонымен қатар ол Трамптың Орталық Азияға қатысты саясатының алдағы уақытта қалай өрбуі мүмкіндігіне байланысты ойымен де бөлісті.

«Барак Обама Ауғанстанда террористермен соғыстың аяқталғаны жөнінде шешім қабылдаған соң, Орталық Азиямен байланысымыз азая бастады. Обама әкімшілігі «С5+1» бастамасынан басқа айтарлықтай ештеңе жасаған жоқ. Меніңше, Президент Трамп мүлде басқа саясат ұстанады. Бізге екі ел арасындағы ұзақ мерзімге созылатын әріптестік керек. Әзірге Трамп әкімшілігі мұндай қадамға белсене қоймаса да, алдағы уақытта осы мәселедегі байланыстың нығаятынына сенімдімін», — деді америкалық сарапшы.

Пікір қалдырыңыз