Ақтөбедегі Хоккей модулінде балалар мәнерлеп сырғанау мен шорт-тректі меңгеріп жүр

Ақтөбедегі Хоккей модулінде 700-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Олар хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек үйірмелеріне қатысады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласында өткен жылы Хоккей модулі салынды. Мұндай мұз айдыны тәуелсіздік алған жылдары мүлдем болған емес. «КТП» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында құрылыс жұмыстарын жүргізді. Жоба құны – 544 миллон теңге. Спорт кешенінің құрылыс жұмыстарына мемлекет пен кәсіпкер тең дәрежеде қаржы бөлді. Қазір мұнда 700-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Қазіргі уақытта спорт кешені Ақтөбе қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі, №4 қысқы спорт түрлері бойынша қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құзырына берілді.

«Шайбалы хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау үйірмелері ашылды. Жаттықтырушылар Мәскеу, Қазан, Рудный, Өскемен қалаларынан шақырылып, олар тұрақты жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде шайбалы хоккейден 12, мәнерлеп сырғанаудан 10, шорт-тректен 7 топ құрылған. Барлығы 700-ге жуық бала бар. Олардың басым бөлігі шайбалы хоккейді таңдады. Жаттығу дүйсенбі және жексенбі күндері аралығында сағат 6:45 басталып, сағат 21:00-ге дейін жалғасады», — деп хабарлады облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, Хоккей модулінде ардагерлерге арнайы уақыт берілген. Олар күн сайын кешкі сағат 21.00-ден түнгі 12.00-ге дейін жаттығады. Әр спорт түрі бойынша жаттығу 1 сағат 15 минутқа созылады.

Пікір қалдырыңыз